Көктемгі егіс жұмыстары үшін шаруаларға 8 млрд. теңге бөлінді
АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - Азық-түлік келісім шарт корпорациясы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өтінімдерін қаржыландыруға 8 млрд. теңге бөлді.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы бюджеттік несие қаражаты есебінен агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау іс-шараларына арналған бағдарламаны жалғастыруда. Бағдарлама аясында ағымдағы жылдың 13 мамырына дейін корпорацияға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден жалпы сомасы 10,1 млрд. теңгеге 1 622 өтінім келіп түскен. Олардың ішінде 9,4 млрд. теңгенің 1 468 өтінімі мақұлданып, 8 млрд. теңгені құрайтын 1 183 өтінім қаржыландырылды.
«Бұдан бөлек, Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес Азық-түлік келісім шарт корпорациясы 1 гектар егіс алаңына 6 000 теңгеге көктемгі-жазғы қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден бидай мен арпаны жолмен сатып алуды жүзеге асырып жатыр. Бұлайша қаржыландырудың жалпы сомасы 13 млрд. теңгені құрайды. Тауар өндірушілердің міндеттемелерін орындауы тиісті астық көлемін жеткізу немесе ақшалай қаражатты қайтару арқылы жүзеге асырылатын болады. Қаржы бөлінетін тауар өндірушілердің тізімін облыстық әкімдіктердің жанындағы Үйлестіру кеңестері жасайтынын атап айту керек. Осы тізімге енгізілген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бағдарламаға қатысу туралы өтінімдері Азық-түлік келісім шарт корпорациясының облыстық өкілдіктерінде қабылданады», - делінген баспасөз баянында.