14:09, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Көктемгі егіс жұмыстарына алғашқы несиелерді бөлу жоспарланып отыр - А.Күрішбаев
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Көктемгі егіс науқанын несиелендіруге байланысты мәселелер шешілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық қордан бөлінген қаржы бойынша жағдайды баяндап беруді сұраған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың сауалына «ҚазАгро» холдингінің басшысы Асылжан Мамытбеков өткен аптада тиісті қаржы түскенін айтып өтті. «Біз барлық ұйымдастыру жұмыстарын шештік. Көктемгі егіс жұмыстарына бүгіннен бастап алғашқы несиелерді бөлу жоспарланып отыр», - деді А. Мамытбеков.
Оның айтуынша, ивестициялық жобаларға қатысты ақпанның 13-інен бастап ауыл шаруашылығы техникаларын жинақтау мен сүт фермалары жобаларына байланысты бірінші конкурс жарияланған.
«Сондай-ақ жанар-жағармай бойынша да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», - деді министр Ақылбек Күрішбаев.