Көктемгі су тасқыны: ШҚО-да қауіпті учаскелерді бақылауға 260 волонтер тартылды
Көктем таяған сайын су тасқыны қаупі арта түсетіні белгілі. Шығыс Қазақстанда су тасқынына бейім 71 елді мекен бар. Бүгінде атқарылған шаралардың нәтижесінде, 15 елді мекенде қауіп толықтай жойылып, 46-сында азайтылған.
ШҚО Ақпарат орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта құтқарушыларға волонтерлер де көмектесуде. Олар су тасқыны қаупі бар учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізіп, аулаларды қардан тазартып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.
«Облыс бойынша барлығы 260 волонтер жұмылдырылды. Жеке сектордың, жалғыз тұратын қарттардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлерін қардан тазарту бойынша 20-дан астам шара өткізді. Сондай-ақ еріктілер ТЖД өкілдерімен бірлесіп қалалар мен аудандарда үйлерді аралап, халыққа су тасқыны қаупі туралы 2500-ге жуық жадынама таратты», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда үйлерді су басса, халықты эвакуациялайтын 68 орын дайындалғаны хабарланған.