Көктемгі су тасқыны: ШҚО құтқарушылары мониторинг жұмыстарын жалғастыруда
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар мен «Қазгидромет» РМК ШҚОФ мамандары бірлесіп, қар жамылғысындағы ылғал қорына мониторинг жүргізуде. Бұл мақсатта олар жол талғамайтын техникамен Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Өскеменге, Таврия, Привольное және Кіші Қарасу ауылдарына барған. Қардың тығыздығын айқындайтын «ВС-43» құрылғысының көмегімен өлшеу жұмыстары жүргізілді.
«Өңір бойынша тексерілген аумақтардағы қар жамылғысының деңгейі 50%-ды құрап отыр. Сондай-ақ өлшеу жұмыстары Восточное ауылында жүргізілді. Мұнда қар жамылғысы - 90%, орташа биіктігі - 35 см құраса, қардағы су қоры - 126 мм-ге жеткен. Привольное ауылында қар жамылғысы - 70%, биіктігі - 83 см, су қоры - 241 мм. Шағын жыраларда қар жиналуы байқалады», - делінген хабарламада.
Өңірде ауа температурасы күрт жылынып, жауын-шашын көп болған жағдайда су тасқыны қаупі сақталады.