Көктемгі тасқын салдарынан төрт облыста көлік қозғалысы шектелді

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның төрт облысында көктемгі су тасқыны салдарынан көлік қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА «Қазақавтожол» РМК-ға сілтеме жасап.

 Көктемгі тасқын салдарынан төрт облыста көлік қозғалысы шектелді

Ведомствоның ақпараты бойынша, Қарағанды облысында су тасқынына байланысты «Ақшатау-Ақадыр» (90-167 км) автожолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Айналма жол «Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ағадыр» бағыты арқылы жүзеге асады.

ШҚО-да судың тасуына байланысты барлық автокөлік түрлеріне «Семей-Қайнар» тасжолының 8-166 шақырым аралығымен жүруіне тыйым салынды. Бұл жолдың 27 шақырымын су шайып кеткен. Учаскені «Семей-Қарауыл» тасжолымен айналып өтуге болады.

Павлодар облысындағы «Ленинск-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар» тасжолының (186-220 км) Май кентінен Курчатов қаласына дейінгі учаскесінде тасқынды сулар көліктің барлық түрлері үшін тосқауыл болды.

Дәл осы жағдай ОҚО-ның «Самара-Шымкент» (2217-2235 км) жолында да орын алды. Мұнда Арыс өзеніндегі көпірдің жағалық бекіністерін су бұзып кеткендіктен, барлық автокөлік қозғалысына шектеу қойылды. Айналма жол - Темірлан ауылы арқылы.

Қазақавтожолдан атап өткендей, барлық аталған аумақтарда ескерту белгілері бар сигналдық бағандар орнатылған. Тәулік бойы кезекшілік атқарылуда.