«Көктөбе» демалыс, спорт, ойын-сауық орталығына айналмақ

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Әлемде елуге жуық телемұнара бар. Бүгiнде олардың бәрi тек телерадио хабарын тарату қызметiн атқарып қана қоймай, сонымен қатар, халыққа қызмет көрсетiп келедi.

 «Көктөбе» демалыс, спорт, ойын-сауық орталығына айналмақ

Бұл бағыттағы жұмыстар бiздiң елiмiзде де қолға алынып отыр. Атап айтқанда, таяуда Алматы қаласының Әкiмi Ахметжан Есiмов пен ҚР көлiк және коммуникация министрi Асқар Жұмағалиев «Көктөбе» телемұнарасын туризм нысаны ретiнде пайдалану жобасын дамыту жөнiндегi келiсiмге қол қойған болатын. Келiссөздiң негiзгi бөлiмдерi ретiнде «Көктөбе» телемұнарасы аумағын жаңарту, техникалық ғимараттың алдын қайта құрылымдау, оның аумағына жататын ландшафт дизайны жұмыстарының орындалуы, сондай-ақ, жалпықұрылыстық және туристiк мақсатта бөлiнген ғимараттарда жөндеу жұмыстарын жүргiзу қарастырылған. Құрылыс жұмыстары қашан басталады және «Көктөбе» қандай өзгерiстерге ұшырайды? Осы жөнiнде «Көктөбенi» жаңғырту жобасының бас жобалаушысы, Қазақстан Дизайнерлер одағының президентi Тимур Сүлейменовтің «Алматы ақшамы» газетiне берген сұхбатын ұсынамыз.

- Тимур Бимашұлы, әлемде көптеген телемұнаралар туристiк мақсатта пайдаланылып келедi. Олар қала тұрғындары мен туристер үшiн демалыс орнына айналған. Бұл мұнараларда мейрамхана, кинотеатр, дүкендер сияқты түрлi демалыс орындары орналасқан. «Көктөбе» мұнарасында осындай демалыс нысандары қарастырылған ба?

- Иә, сәтiн салса, алдағы уақытта «Көктөбе» мұнарасы туристерге арналған әлемдегi ең танымал нысанға айналмақ. Телемұнарада бос алаңдар өте көп. Алайда, олар тиiмдi пайдаланылып жатқан жоқ. Мысалы, 30 жыл бұрын мұнара салынғанда жобалаушылар Мәскеудегi «Останкино» телемұнарасындағы «Жетiншi аспан қабаты» мейрамханасының үлгiсiнде «Жетiншi деңгейдi» салған болатын. Мұнда мейрамхана ашу жоспарланған едi. Алайда, бұл бастама жүзеге аспады. Сөйтiп, көп жылдар бойы бұл деңгей пайдаланылмады.

- Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейiн «жетiншi деңгейде» мейрамхана ашыла ма?

- Жоқ, мейрамхана ашылмайды. Әйтсе де, қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейiн, бұл деңгейде қала көрiнiсiн тамашалау алаңы ашылмақ. Туристер 160 метр биiктiкке көтерiлiп, құс қанаты талатын биiктiктен әсем Алматыны тамашалай алатын болады.

- Мұнарада тағы қандай демалыс нысандары ашылмақ?

- Мұнараның төменгi деңгейiнде немесе мұнараның «юбкасында» түрлi демалыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұнараның 1-қабатында телерадио хабарларын тарататын технологиялық бөлмелер орналасқан. Бiз екiншi, үшiншi, төртiншi және бесiншi қабаттарды кеңейтiп, бұл қабаттарды демалыс аумағына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Мысалы, мұнда түрлi аттракциондар жүйесiн, үлкен салтанат залдарын және киноконцерт аренасын ашуға болады. Жалпы, телемұнарада нақты қандай нысан ашылатынын айта алмаймын. 2йткенi, бiз тек инвестициялық ұсыныс жасап жатырмыз. Әкiмдiк инвесторлар үшiн барлық жағдайды жасап, бүкiл коммуникацияларды тартып бередi. Сосын, инвесторлар келiп, мұнда қандай нысан ашатынын өздерi шешедi. Мұнда мейрамхана немесе кинотеатр, тiптi, дүкен болуы мүмкiн.

 - Мұнараның сыртқы қасбетi қалай өзгередi?

- Мұнараның сыртқы қабатын түн түгiлi күндiз де айнадай жарқырап көрiнетiндей етiп қаптауды жоспарлап отырмыз. Бұл үшiн өте жеңiл «текслон» деген жаңа материалды қолданбақпыз. Мұндай материалмен Алматыдағы Республика сарайы, Астанадағы «Хан шатыры» қапталған.

Мұнараны ұлттық ою-өрнектермен безендiру де қарастырылған

- Мұнараның сәулеттiк ерекшелiктерiне тоқталсаңыз, яғни, мұнараның безендiрiлуiнде қазақтың ұлттық өрнектерi немесе қаланың символы болып табылатын «алма» сияқты нақыштар қолданыла ма?

- Әрине, мұнараның безендiрiлуiнде қазақтың ою-өрнектерi сияқты ұлттық элементтердi қолдану жоспарда бар. Алайда, бұл нақты жобаланбаған. Бiз жұмысты ендi бастадық қой. Жалпы, бiз пластикалық өнердiң ұлттық дәстүрлерiн, сонымен қатар, заманауи пластиканы да пайдалануды көздеп отырмыз.

- Отыз жыл бұрын телемұнара салынғанда адамдарды шұғыл эвакуациялау жағдайы қарастырылмады. Сондықтан, мұнара көп жылдар бойы халық үшiн жабық болды. Жаңа жобада төтенше жағдай орын алғанда адамдарды құтқару мүмкiндiгi қарастырылған ба?

- Иә, әуелгi кезекте, мұнараның конструкциясы бекiтiледi, ескi лифтiлер заманауи, қуатты лифтiлерге ауыстырылады. Қазiр мұнараға қатысты көп сын айтылып жүр. Тiптi, ол майысып тұр, құлап қалуы да мүмкiн деген сияқты. Алайда, бұл мұнара әлемдегi сейсмологиялық жағынан тұрақты ғимараттардың бiрi екенiн ұмытпау керек. Ұзындығы 372 метр, салмағы 45 мың тоннаны құрайтын мұнара 9 баллдық жер сiлкiнiсiне төзiмдi. Бұл мұнара Франциядағы Эйфель мұнарасынан еш кем емес.

- Көктөбе мұнарасы туристiк нысан болумен қатар, телерадио тарату орталығы мiндетiн де атқарады. Бұл жәйт мұнараға келген туристердiң денсаулығына керi әсер етпей ме?

- Жоқ. Телерадио хабарын тарату жүйесi цифрлi хабар тарату жүйесiне көшiп жатыр. Осы қайта жаңғырту кезiнде барлық қауiпсiздiк шаралары қарастырылған. Сосын, мұнарада телерадио хабар тарату қабаты демалыс орындары орналасқан қабаттардан қорғалатын болады.

- Мұнараның маңайында ландшафтық көрiктендiру жұмыстары жүргiзiлетiнi белгiлi. Осыған нақтырақ тоқталсаңыз...

- Иә, телемұнарамен қатар, мұнара тұрған жотаны да жаңғырту жоспарланып отыр. Жоспар бойынша мұнара маңайыныдағы алаңды қазiр 12 гектардан 200 гектарға дейiн ұлғайтуды көздеп отырмыз. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейiн мұнда жаяу жүргiншiлерге арналған үлкен саябақ, тау шаңғы трассалары, веложолдар және алма бақтары пайда болмақ. «Көктөбе» - қаламыздың ең әдемi орындарының бiрi. Сондықтан, оны тиiмдi пайдалану керек. Қазiр бұл төбеде бар болғаны бiрнеше мейрамханалар ғана бар.

Шаңғы жолдары мен веложолдар салынады

- Демек, «Көктөбенiң» қазiргi жағдайына көңiлiңiз толмайды ғой?

- Иә, дұрыс айтасыз. Өте әдемi жер. Алайда, 1000 теңге төлеп тауға көтерiлсең, онда не iстерiңдi де бiлмейсiң. Жан-жақта қаптаған мейрамханалар. Әрине, «Көктөбенiң» алаңы көрiктендiрiлген. Дегенмен, халық демалатын демалыс аумағы өте шағын. Сондықтан, бұл алаңды кеңейтiп, көптеген демалыс нысандарын салу керек.

- Қандай демалыс нысандарын салуды жоспарлап отырсыздар?

- Негiзiнен спорттық нысандарды салуды жоспарлап отырмыз. Бұл үшiн таудың барлық бөктерiн пайдаланбақпыз. Қазiр олар тек жартылай пайдаланылып отыр. Таудың солтүстiк беткейiнде шаңғы трассасын салуды жоспарлап отырмыз. Онда қыста келiп балалармен тек шаңғы теуiп қана қоймай, шанамен де сырғанауға болады. Қалада балалармен демалатын орындар өте аз. Шымбұлақта шаңғы тебу өте қымбат. Сондықтан, әрбiр адамның қалтасы көтере бермейдi. Сонымен қатар, Шымбұлақта шаңғы трассалары өте тiк орналасқан, кәсiпқой шаңғышы болмасаң, онда сырғанау өте қиын. Ал, Көктөбеде шаңғымен сырғанауға ендi үйренiп жүрген шаңғышыларға арналған жайпақтау жол салынады. Ең бастысы, ол қаланың iшiнде болады. Таудың шығыс бөктерiнде веложолдар салынбақ. Қарапайым веложолдармен қатар мұнда экстремалды жүрудiң жанкүйерлерi үшiн шапшаң түсу жолы салынатын болады. Сонымен қатар, бiз емдiк мақсатта жаяу серуендер үшiн де жол салмақпыз.

Көктөбенiң көркiн алма бағы ашады

- Көктөбеде алма бақтары салынатыны рас па?

- Алматыда жаңа бақтар салатын уақыт келдi. Және бұл жұмысты «Көктөбеден» бастау керек. Алайда, бақ салу үшiн Көктөбе орналасқан жотаны мықтап бекiту керек. Себебi, тау тектоникалық қозғалыстар орналасқан жерде орналасқан. Мұнда жердiң қатты қабығы тұрақты емес, себебi, «Көктөбенiң» жерi балшықты, сазды жер. Тауда бiрнеше мың түп ағаш отырғызу керек. Бұл жердi нығайтады. Әсiресе, алма ағаштарын отырғызу керек. «Көктөбе» 1200 метр биiктiкте орналасқан. Мұндай биiктiкте алманың кандиль, апорт сияқты сұрыптары жақсы өседi.

Автотұрағы бар заманауи сауда орталығы бой көтередi - «Көктөбе» қайта жаңғыртудан өтiп, мұнда өзiңiз айтып кеткен демалыс орындары ашылғанда халық көптеп ағылатыны белгiлi. Демек, автотұрақ мәселесiн шешу керек...

- «Көктөбенi» Шығыс айналма жолы айналып өтедi. Айналма жолда бiз жеке көлiктермен қатар қоғамдық көлiк тоқтайтын үлкен автотұрақ салуды жоспарлап отырмыз. Демек, мұнда туристiк және өзге де автобустарға арналған аялдама пунктi салынады. Және, осы аумақта батыстан шығысқа қарай қызмет көрсету зонасын салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда демалысқа арналған барлық құрал-жабдықтар, велосипед, шаңғы, шаналарды жалға алуға болады. Сонымен қатар, осында жаңа аспалы жол салуды көздеп отырмыз. Бұл жол телемұнараға дейiн көтерiлетiн болады.

- Құрылыс жұмыстары қашан басталады?

- Бұл - инвестициялық жоба. Сондықтан, инвесторлар керек. Әзiрше құрылыс жұмыстары келесi жылы басталады деп жоспарланып отыр.

- Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейiн мұнараға көтерiлу ақылы бола ма?

- Маған салса, бәрi тегiн болар едi. Бiрақ, бұл маған байланысты емес. Мен тек жобалаушымын.

- Әңгiмеңiзге рахмет!