Көктөбедегі «денсаулық жолы» қашан ашылады

Көктөбе
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесу барысында жаяу жүргіншілерге арналған денсаулық жолының құрылысымен танысты.

Алматы тұрғындарының «Көктөбеге қатысты» өтінішін ескере отырып, қала әкімінің тапсырмасы бойынша 2023 жылдың қазан айында жаяу жүргіншілерге арналған денсаулық жолының құрылысы басталған еді.

Бұрын бұл жол жаяу жүргіншілерді жол бойымен жүру қажеттілігін ескермей жобаланған болатын, соның салдарынан алматылықтар қауіпті жол бойымен жүруге мәжбүр болды. Денсаулық жолы пайдалануға берілген кезде бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Саябаққа апаратын жолдың ұзындығы – 1,2 шақырым.

«Меркур холдинг» ЖШС бас директоры Есенғали Байменовтің сөзінше, қазір соқпақтың құрылысы аяқталып, асфальт төселіп, шекара белгілері орнатылды. Алдағы уақытта екі қарау алаңын, баспалдақ жолын салу және орындықтар мен қоршауларды орнату жоспарда. Бұрын мұнда абаттандырылмаған учаске болған. 

Көктөбе
Фото: Алматы әкімдігі

Қала басшысы бірқатар елеулі кемшілікті жою керектігін ескертті. Ол Көктөбе саябағына кіре берістегі шлагбаумдар маңындағы кеңістікті жабдықтап, жаяу жүргіншілер жолына жарық пен қала тұрғындары ұстап өтетін тұтқалар орнату қажет екенін атап өтті.

Ерболат Досаев мұнда келушілер мен туристер үшін іске асырылып жатқан жобаның маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда екенін жеткізді.

Еске салайық, бұл жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, алдағы жылдары Алматыда көбірек қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Есентай, Үлкен Алматы өзендерінің бойындағы жағалауларға реконструкция жүргізіледі. Осы жылы жаяу жүргіншілерге бағдарланған ұзындығы 17 шақырым Райымбек даңғылын қайта жаңғырту көзделген. Пушкин көшесі бойынша Гоголь көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі ұзындығы 1,1 шақырым жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылады.

Бұған дейін Ерболат Досаев «Көктөбе» телемұнарасы жазға қарай жарықтандырылатынын айтқан болатын. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр-маусым айларында аяқталады. 

Соңғы жаңалықтар