«Қоқыс қашанғы асырайды?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 наурыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында бүгінгі заманда орын алып жатқан аштық пен азық-түліктердің рәсуә болып жатқандығын сөз етеді.

«Жер шарында қарны тоқ адамдардан гөрі, күніне тойып тамақ ішпейтін ашқұрсақ жұрттың қатары еселеп көбейген. Апталап ыстық ас көрмегендер соғыс жүріп жатқан аймақтарда, тіпті көп.

Осындайда әлемдегі азық-түлік өнімдерінің тең жартысы қоқысқа тасталатындығы туралы айтқан сарапшылар пікірі жаға ұстатады. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-та сауда орындарынан сатып алынған тағамдардың дені дастарқанға жетпей жатып қала шетіндегі қоқыс алаңдарынан табылады екен. Миллиондаған адам сол жерлерді жағалап өмір сүруде», - дейді басылым «Қоқыс қашанғы асырайды?»атты мақаласында.

БҰҰ тапсырысымен түрлі зерттеулер жүргізген британдық мамандар да маңдайын тасқа соғыпты. Сақтау мерзімі бітпей жатып-ақ, жалпы құны екі млрд долларға бағаланған азық-түлік тым болмаса кедейдің де дастарқанына бұйырмайды. Сөйтіп, қоқыс алаңдарына жөнелтіледі. Мұндай ысырапшылыққа жарнамасын «жарқыратып» жіберетін сауда орындары мен өндіруші кәсіпорындар да кінәлі көрінеді. Өзіне қаншалықты тағам қажеттілігінен бұ­рын жарнамаға жиі назар аударып, көр­сеқызарлыққа салынатын жұрттың бір бөлігі алған затының қашанға дейін жететіндігін бағамдай бермейді.

«Тағы бір сорақылық, британдық диқандардың егістіктегі көкөністерінің 30 пайызы далада қалады. Көрнекті ғалым Тим Фокстың айтуынша, рәсуә болған азық-түлік аш отырған ондаған миллион адамды асырауға толық жетеді. Мысалы, АҚШ-та тағамдардың барлық түрінің 40 пайызы ауызға тиместен, ал Еуропада жылына 100 мил­лион тонна тағам қоқысқа тасталады. Егер тасталған өнімдерді тұрғындардың жан басына шақсақ, Еуропа мен Солтүс­тік Америкада 90-15 келіден келеді. Ал жер шарында 1 млрд адам аш отыр. Қайырымдылық көрсетушілердің дерегі бойынша, Ұлыбритания отбасыларында тасталған 21 миллион тоннадай азық-түліктің тең жартысы жеуге жарамды болып шыққан. Анықтай келгенде өнімнің жарамдылығы туралы ақпаратты шатастырған сатушылар да, тұрғындар да қыруар өнімді сыртқа шы­ғарып тастайды», - дейді «Айқын».

***

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Павлодар өңіріне жұмыс сапары кеше әрі қарай жалғасты, деп xабарлайды «Егемен Қазақстан»«Еңбек адамы - экономиканың тірегі» атты мақалада.

Елбасы аймақта болуының екінші күні облыс орталығында ұйымдастырылған еңбек ұжымдарының республикалық форумына қатысты. Іс-шараға атсалысуға Қазақстанның 10 өңірінің 50 еңбек ұжымынан 4 мыңнан астам адам келді.

«Құрметті қазақстандықтар, құрметті павлодарлықтар, бүгін мынадай зәулім мұз сарайына күллі еліміздің экономикасының тірегі саналатын еңбек ұжымдарының өкілдері жиналып отыр. Сіздер алып өндірістердің тізгі­нін ұстаған ерен еңбектің иелерісіздер», - деп бастады сөзін Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев.

«Табыстың басты кілті - еңбек» дейді дана халқымыз. Сол себепті біздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамымыздың ең қадірлі тұлғасы еңбек адамы болып табылады. Ертіс бойы - еліміздің ең қуатты индустриялық аймақтарының бірі. Қазақстан бойынша бүкіл көмірдің 70 пайызын, ферроқорытпаның 75 пайызын Павлодар облысы береді. Электр энергиясын өндіру мен мұнай өңдеудің 40 пайызы сіздердің еншілеріңізде. Өңірде машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Соның арқасында шағын және орта бизнестің өрісі кеңейіп, өркендей түсті. Ел экономикасының өзегі болған ірі кәсіпорындардың біразы осында.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бензиннің бағасы өсуі мүмкін екендігін мәлім етті.

«Қазіргі таңда тұрақты еш­теңе болмай тұр. Мәселен, алдағы уақытта Ресейде мұнай өнімдерінің бағасы өсетін болса, Қазақстанда да бензиннің бөлшек саудадағы бағасы жоғарылауы әбден ықтимал», - делінген «Егемен Қазақстанның»«Мұнай-газ өндірісінің өрісі кеңейе бермек» атты мақаласында.

«Егер де Ресейдің нарығындағы үрдіске тоқталатын болсақ, онда акциздік алым артқанын білесіздер. Ресейде акциздік алым­ның артуы бөлшек баға деңгейінің өсуіне алып келетіні түсінікті. Бұл ретте ол бөлшек бағаға әсер етіп, біздің елімізде бағаның біршама өсуіне ықпал етуі мүмкін», - деді компания басшысы.

Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресеймен сауда-саттық тұрғысында шекаралар ашық екенін есімізге салып өтті. Оған қоса, бензин Қазақстан аумағына жеткізілген кезде жанама салықтар шегерілетініне де тоқталды. «Сондықтан да жанама ықпалы болуы мүмкін екенін айтамын. Дегенмен де оның айтарлықтай әсерін байқап отырған жоқпыз. Естеріңізге салайын, Ресейдің нарығы шамамен Қазақстаннан 10 есеге үлкен. Бұл ретте еркін сауда аясында баға деңгейі сөзсіз әсер ететіні түсінікті», деп қайырды С.Мыңбаев.

***

Ресейлік қазына іздеушілердің мәлімдеуінше, қазақстандық өзендерде ірі алмас тастардың үлкен қоры жатыр, деп жазады «Экспресс К».

Мәселен, Көкшетаудан 25 шақырым жердегі Құмдыкөл өзенінде алмастардың әлем бойынша ең бай кендердің бірі сақталуда.

«Өкінішке орай, жергілікті алмастар өте ұсақ. Бірақ Құмдыкөл кенінде бір үлкен тылсым бар. Алмас тастар 150-200 шақырым тереңдікте үлкен қысымның әсерінен пайда болады. Вулкан кезінде олар жер бетіне магмамен бірге шығуы ықтимал. Бірақ Құмдыкөл маңында вулкан болған емес. Ресейлік кен іздеушілер де вулкан туралы нұсқаны жоққа шығаруда. Сондықтан алмастарды жергілікті өзендерден іздеу қажет» деп есептейді.

Толығырақ «Недра в алмазаx» атты мақаладан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар
telegram