Қоқыс үйінділерін уақтылы жоймаған 86 лауазымды тұлға 7 млн теңге айыппұл арқалады
«Қоқыс тастайтын жерлерді жою бойынша нашар жұмыс істегені үшін экология департаменттері 86 лауазымды тұлғаны (әкімдер мен әкімдер орынбасарлары) әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жауаптыларға жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Сондай-ақ, министрліктің мәліметінше, өңірлердегі экология департаменттері ішкі істер министрлігі және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп 2-3 шілде күндері заңсыз қоқыс тастауға қатысты рейд жүргізген.
«Өндіріс қалдықтарына қатысты халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, қоршаған ортаға ұқыппен қарау туралы жаднамалар таратылды», - деп хабарлайды Экология министрлігі.
Осы орайда, аталған ведомство заңсыз қоқыс тастауға қатысты WasteEdit және wasteviewer мобильді қосымшасының жұмыс істейтінін жеткізеді.
Толық ақпаратты «Қазақстан Ғарыш Сапары» сервистерінен https://waste.gharysh.kz сілтемесі арқылы, геосервистен http://oko.gharysh.kz сілтемесі арқылы және «Oko KZ» мобильді қосымшасында көруге болады.
Фото: ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі