Көкжиде құмды алқабында мұнай-газ өндірісінің жерасты суларын ластап жатқаны рас па

АСТАНА. KAZINFORM – Аталған аумақта екі жыл бойы зерттеулер жүргізілді. Бұл жөнінде Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанындағы Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Дулат Қалитов мәлімдеді.

экология
Фото: Pixabay

Ол аталған мәселеге Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің «Көкжиде құмды алқабының аумағындағы геоэкологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер» тақырыбындағы отырысында тоқталды.

– Көкжиде құмды алқабында зерттеулерді Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығы орындады. Жұмыс ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің тапсырмасы бойынша жасалған және Kazenergy қауымдастығы бекіткен бағдарламаға сәйкес орындалды, – деді маман.

Оның сөзінше, далалық зерттеулер 2024-2025 жылдарда төрт маусым бойы жүргізіліп, қорытынды есеппен аяқталды.

Зерттеу барысында табиғаттың барлық компонентінен – топырақ, өсімдіктер, қар, жерүсті суларынан сынама алынды. Жерасты суларына мұнай өнімдері мен ауыр металдарға қатысты химиялық талдау жасалынды және т.б. қажетті жұмыстар атқарылды.

Аккредиттелген зертханаларда жалпы 1280 зертханалық талдау орындалды. Оның ішінде жерасты суларының 361 сынамасы талданды.

– Көкжиде алқабындағы мұнай-газ өндіру табиғи ортаға айтарлықтай техногендік ықпал етіп отыр. Жекелеген учаскелерде техногендік микробедер қалыптасқан. Кей жерлерде құм жамылғысы, кей жерлерде өсімдік жамылғысы өзгерген. Бірақ бұл ықпал негізінен мұнай компанияларының мұнай учаскелерінде, яғни жергілікті сипатқа ие. Қорытынды бағалау бойынша, техногендік өзгерістерге ұшыраған учаскелер алқап ауданының шамамен 11%-ын алып жатыр. Ал құмның 89%-ы табиғи күйіне жақын қалпында сақталған, – деді Қолданбалы гидрогеология ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.

Оның айтуынша, мұнай-газ өндірісі жерасты суларына кері әсерін тигізбеген.

– Зерттеулер нәтижесінде жерасты суларының сапасы төмендемегені анықталды. Судың химиялық құрамы барлық жерде ауыз су ретінде қолдану талаптарына сәйкес. Сөйтіп, Көкжиде алқабының барлық аумағында жерасты суларының жүйелі түрде ластануы, оның ішінде мұнай-газ өнімдерімен ластануы анықталмады. Компаниялардың өндіріс учаскелеріндегі топырақтың құрамында анықталған мұнай өнімдері сол учаскелердегі жерасты суларында анықталмады. Оның себебі – аэрация аймағының қалың және тау жыныстарының фильтрациялық көрсеткіштерінің дәрежесі төмен болуы, – деді Дулат Қалитов.

Айта кетейік, бұған дейін аталған құмды алқап жөнінде толығырақ жазғанбыз.

Көкжиде мәселесі талай жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап ірі тұщы жерасты су қоры ретінде белгіленген. Бүгінде оның суы бірқатар елді мекенді қамтамасыз ету үшін пайдаланылып отыр. Болашақта батыс Қазақстан өңірлерін ауыз сумен қамтудың маңызды көздерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда осы аумақта мұнай өндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан жерасты суларының сапасын сақтау мәселесі қоғамды көп жылдан бері алаңдатып отыр.