Қол астындағылардың жемқорлығы үшін басшысы жұмыстан кетеді - Қ.Қожамжаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қол астындағылар сыбайлас жемқорлығы үшін сотталса, басшысы отставкаға кетеді. Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров осындай норманың заң арқылы бекітілетінін атап өтті.

Қол астындағылардың жемқорлығы үшін басшысы жұмыстан кетеді - Қ.Қожамжаров

Агенттік басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі күні мемлекеттік қызметте өту, көтерілу туралы ереже бар, бұл негізінен саяси мемлекеттік қызметкерлерге қатысты.

«Аталған бағыттағы бір түзету 2013 жылы енгізілген болатын, онда егер мемлекеттік саяси қызметтегі басшының қарамағындағы қандай да бір қызметкер сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталса, егер үкім заңды күшіне енсе, онда басшы отставкаға кетуі керек. Бұнда негізінен әңгіме сол басшының тағайындауымен немесе оның келісімімен тағайындалған қызметкер туралы болып отыр. Онда мұндай отставка туралы өтініш Мемлекет басшысына беріледі және оны Президент бір ай ішінде қарайтын болады», - деді Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, келер жылы Парламентке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтитын заң жобасы келіп түспек. Онда егер қол астындағылары сыбайлас жемқорлығы үшін сотталатын болса, онда бірінші басшысы да жұмыстан кететін норма қамтылып отыр.