Қол-аяғы жоқ қарағандылықты қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыскерлерге қатысты сот отырысы басталды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағандыда қол-аяғы жоқ адам мен оның жұбайын қайыр сұрауға мәжбүрлеген қылмыскерлер тобына қатысты сот отырысы басталды. Олар 10 жылдан астам уақыт бойы ерлі-зайыптыларды ұрып-соғып келген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қол-аяғы жоқ ер адам Қарағанды қаласының 45-ші орамындағы аялдаманың жанында қайыр сұрап келген. 10 жылдан астам уақыт бойы ол еркінен тыс садақа жинаумен айналысқан. Екі жыл бұрын полиция мүгедекті бопсалағандарды анықтады.
Тергеу барысында төрт қарағандылықтың заңсыз әрекетке барғаны белгілі болып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл іс қылмыстық істер жөніндегі облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта қаралады.
Тергеушілердің айтуынша, қылмыскерлердің біреуі қылмыс тобының жетекшісі, үшеуі орындаушы болған. Топ жетекшісі 10 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі ер адамды өз пайдасы үшін қалай пайдалануға болатынын ойлап тауып, мүгедек адам мен оның жұбайын ұрып-соғып, қорқытқан. Оның бұйрығы бойынша ерлі-зайыптылар 10 жылдан астам уақыт бойы адамдардан қайыр сұрап, барлық тапқанын қожайынына беріп отырған.
Тергеушілердің болжамынша, жәбірленушілер ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне күніне 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ақша берген. Ұрып-соғудан басқа мүгедек ер адамның баласына зақым келтіреміз деп қорқытқан. Белгілі болғандай, 2020 жылы Николайдың жұбайы қыз туып, кейіннен баланы тартып алып, банда жетекшісінің қарындасына берген. Нәрестемен ата-анасына тек сирек кездесуге рұқсат беріп отырған.
Бұл фактілер аталмыш қылмыскерлер есірткімен ұсталып, топ басшысының телефонын тыңдағаннан кейін анықталған. Сотталушылар кінәсін мойындамады.
Жәбірленушілердің мүдделерін қоғамдық қор қорғайды. Сонымен бірге қор өкілдері отбасына құжаттарын қалпына келтіруге және арнайы есеп ашуға көмектесіп, заңгерлік көмек көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Саранда сатушыны өлтірген қылмыскерге қатысты сот отырысы басталғанын жазған едік.