Қол күресінен ашық Азия кубогынан батысқазақстандықтар олжалы оралды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында қол күресінен өткен ашық Азия кубогы жарысынан батысқазақстандық спортшылар олжалы оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қол күресінен ашық Азия кубогынан батысқазақстандықтар олжалы оралды

Қол күресінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Мұрат Ибатовтың айтуынша, аталмыш жарысқа Ресей, Латвия, Болгария, Хорватия, Үндістан, Жапония, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран, Германия, Грекия, Чехия, Қазақстан, барлығы 14 елден 400 спортшы қатысып, бақ сынады.

Азон 

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында арм-1 (мүгедек арбасында отыратындар) тобында батысқазақстандық Азон Шаймарданов +75 кг салмақта қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. 53 жастағы Азон Шаймарданов екінші топтағы мүгедек болғанына қарамастан, бірнеше спорт түрімен дендеп айналысумен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубында аға бапкер болып қызмет етеді. Ол - отырып волейбол ойнаудан спорт шебері, сондай-ақ пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қол күресінен 2016 жылы Ташкентте және биыл Қырғызстанда өткен Азия біріншілігінде қос қола медальдан иеленген Азон Шаймарданов енді, міне, чемпиондық атаққа қол жеткізіп отыр. Ашық Азия кубогында сол секілді Оралдағы №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Кенжеқыз Қаупенова жастар арасында 65 кг салмақта, әйелдер арасында Әсел Жұмағамбетова 80 келіде екінші, ал Жанна Қазтуғанова 55 келіде үшінші орынға көтерілді. Бұл спортшылардың жеке бапкері - Мұрат Ибатов.

Фархат Анель 

Тағы бір оралдық жас спортшы Анель Алшынова  жасөспірімдер арасында 55 кг салмақта қола жүлдеге ілікті. Оның бапкері - Рауан Амангелдиев. 

Ел намысын Нұрхат Нысанов жаттықтыратын Қаратөбе аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де сәтті қорғады. Фархат Қалиев жастар арасында +95 кг салмақта үшінші орынға көтерілсе, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында (арм-4) Есеней Жақыпов 75 кг салмақта күміс жүлдегер атанды.