Қола белбеу иесі Айбек Нұғымаров - ЕҰУ магистранты
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Өткен сенбіде Астанадағы «Сарыарқа» велотрек кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен осымен екінші рет республикалық жалпыұлттық «Қазақстан барысы» турнирі болып өтті.
Бұл үлкен жарыста еліміздің он төрт облысы мен Астана және Алматы қалаларынан төрт ай бұрын іріктелген отыз екі палуан күш сынасты.
Осы жарысқа Шығыс Қазақстан облысының атынан «Шығыс барысы» атанған белгілі балуан, Л.Н Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Айбек Нұғымаров та қатысқан болатын. Ол бірінші кездесуінде самбодан Азия чемпионы, Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Арман Әбеуовты ұпай санымен жеңіп, екінші белдесуінде «Тараз арланы» Бейбіт Ыстыбаевтан ұтылды. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Дегенмен жас балуан Айбек Нұғымаров қола белбеу үшін айқаста Лондон олимпиадасына қатысушы Ержан Шынкеевті айқын басымдықпен жеңіп,10 000 доллардың сертификатын ұтып алды. Бұл жеңісімен оны бүкіл Шығыс Қазақстан облысы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы құттықтады.
Айбек Нұғымаров Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. 25 жастағы Айбек қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы. Оны 2005 жылдан бері Серік Қожыкенов жаттықтырып келеді. Ал биыл А.Нұғымаров Еуразия ұлттық университетінің магистратурасына түскеннен кейін, дене шынықтыру кафедрасының доценті Халық Қожахмет жаттықтыратын болды.
- Маған бұл палуанды университет ректоры Ерлан Сыдықовтың өзі сеніп тапсырған болатын. Сондықтан да онымен жұмыс істеуді үлкен абырой санаймын, - дейді Халық Жақыпұлы.