Қолбасшы студент жастармен кездесті

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Шымкентте «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттерімен кездесті.

Қолбасшы студент жастармен кездесті

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгіме 2013 жылы әскери қызметке қабылдау пункттерін ұйымдастыру және азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке тарту жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарын белсендіру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығы аясында болды.

«Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының қолбасшысы студенттер аудиториясына ел Президентінің басшылығымен жасалып жатқан жарқын істер жөнінде, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік саласында атқарылған істер туралы хабарлады. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айта келіп, ол әскерлерді жоғары оқу орындары әскери кафедраларын бітірген запастағы офицерлермен жинақтау мәселесін тілге тиек етті.

«Әскери қызметшілердің алаңсыз қызмет етуі үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Оқуды бітірген соң келісімшарт бойынша қызметке келу сіздердің көпшілігіңіздің әлеуметтік мәртебелеріңізді көтереді», - деді генерал-майор Т.Қойбақов.

Студенттердің келісімшарт қызметі бойынша офицер лауазымына тағайындалуы жөнінде «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының кадрлар қызметінің өкілдері толық мағлұмат берді. Болашақ мамандарға Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жаңа Заңының ережелері түсіндірілді.