Қолда бар 63 мың 855 гидротехникалық құрылыстардың 67 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда - М. Көпеев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі суару жүйесінің техникалық жай-күйі жылдан-жылға нашарлау үстінде. Магистралдық, шаруашылық аралық каналдардағы және коллекторлық желілердегі су жинайтын және гидротехникалық құрылыстардың физикалық жағынан да моральдық жағынан да тозғаны байқалады. Мәселен, қолда бар 63 мың 855 гидротехникалық құрылыстардың 42 мың 812-сі, яғни 67 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда. Су шаруашылығындағы суландыру каналдарының жай-күйі де мәз емес. 3 мың 159 шақырым магистральдық каналдардың 59 пайызы, 4 мың 582 шақырым шаруашылық-аралық каналдардың 63 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда. 8 мың 411 шақырым ішкі шаруашылық каналдардың 80 пайызы нашар», деді М. Көпеев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда суды айтарлықтай үнемдейтін тамшылатып суару мен жаңбырлатқыш қондырғылардың пайдалану үлесі де аз болып отыр. «Нәтижесінде астық өнімділігі деңгейі төмендеп отыр», деді сенатор.