«Қолда iPhone, кешкі асқа макарон»: қазақстандықтар қымбат смартфонға неге құмар
АСТАНА. KAZINFORM – Бағасы бірнеше айлық жалақыға тең болса да қазақстандықтар жаңа iPhone-нан бас тарта қоймайды. Бұған не себеп? Kazinform тілшісі мәселені сарапшылармен бірге талдады.
Бір смартфон нарықта әртүрлі бағамен сатылады
Apple – әлемдегі ең танымал смартфон өндірушілерінің бірі. 2026 жылдың екінші тоқсанында компания әлемдік смартфон жеткізілімдерінің 20%-ын иеленіп, Samsung-тан кейінгі екінші орынға шықты.
Алайда iPhone бағасы барлық нарықта бірдей емес. Deutsche Bank-тің Mapping the World's Prices 2026 зерттеуінде 256 ГБ iPhone 17 Pro бағасы 41 нарықта салыстырылған. АҚШ-та оның бағасы шамамен 1,2 мың доллар болса, Түркияда – 2,6 мың, Бразилияда – 2,3 мың, Мысырда – 1,9 мың, Венгрияда – 1,8 мың долларға жетеді. Ең төмен баға Жапонияда – шамамен 1,1 мың доллар.
Қазақстан бұл зерттеуге кірмеген. Дегенмен биыл маусымда елде iPhone 17 Pro 256 ГБ нұсқасы 837 мың теңге немесе шамамен 1,7 мың доллар болды. Бұл АҚШ-тағы бағадан 45% жоғары. Numbeo дерегінше, салықтан кейінгі орташа айлық табыс 629,4 доллар. Осы есеппен смартфон құны шамамен 2,7 айлық жалақыға тең.
Қазақстанның өзінде де бір модельдің бағасы жады көлеміне қарай айтарлықтай өзгереді. Қазір жаңадан шыққан iPhone 18 Pro 849 990 теңгеден 1 698 990 теңгеге дейін, ал Pro Max 909 990 теңгеден 1 769 990 теңгеге дейін сатылады, яғни бір серияның ішінде баға айырмасы 900 мың теңгеден асады.
Бұл айырмашылықтың себебін түсіну үшін алдымен бағаның қалай қалыптасатынына назар аудару керек.
Баға қалай қалыптасады?
QazExpertClub сарапшысы әрі қаржыгер Венера Жаналина бағаға өнімнің өзіндік құнымен қатар, тұтынушы үшін қалыптасқан құндылық пен нарықтағы жағдай әсер ететінін айтады.
– Өзіндік құнға компоненттер, жинақтау, логистика, салық, дистрибуция және қызмет көрсету шығындары кіреді. Ал тұтынушы үшін құндылыққа Apple экожүйесі, қолайлылық, қауіпсіздік, камера, мәртебе, ұзақ мерзімді жаңартулар мен екінші нарықтағы өтімділік жатады. Баға – нарықтың осы құндылық үшін төлеуге дайын сомасы, – деді ол.
Өнімнің өзіндік құны қалыптасқаннан кейін оған салық, логистика және сауда шығындары қосылады. Бұл әсіресе импортқа тәуелді нарықтарда маңызды.
Сарапшының айтуынша, баж салығы, сауда шектеулері, өндірістің ауысуы және Азиядағы жеткізушілерге тәуелділік компания шығынына әсер етеді. iPhone компоненттері бірнеше елде өндіріледі, ал жинақтау жұмыстары басқа нарықта жүргізіледі.
Қазақстанда бұған теңге бағамы мен ішкі шығындар қосылады. АҚШ-тағы жария баға әдетте сатылым салығынсыз көрсетіледі. Ал еліміздегі түпкілікті бағаға 16% ҚҚС, импорт, логистика және сауда үстемелері кіреді.
– iPhone импортталатындықтан, оның теңгедегі бағасы долларлық құнмен анықталмайды. Валюта бағамы, ҚҚС, логистика және дистрибьюторлар мен сатушылардың маржасы да ескеріледі. Сондықтан доллар бағасы 10%-ға өсіп, теңге қатар әлсіресе, Қазақстандағы түпкілікті баға 10%-дан да жоғары көтерілуі мүмкін, – деді Венера Жаналина.
Бір iPhone қанша жалақыға тең?
Қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, iPhone бағасының халық үшін қаншалықты қолжетімді екенін тек орташа жалақыға қарап бағалау жеткіліксіз.
– Халықтың табысын бағалауда медианалық жалақыға назар аударған жөн. Бұл көрсеткіш бойынша қызметкерлердің жартысы төмен, жартысы жоғары жалақы алады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 461 мың теңге болды. Ал медианалық жалақы 331 мың теңгені құрады. Осы екі көрсеткішті қатар қарастыру iPhone бағасының халық табысына арақатынасын нақты көрсетеді, – деді Бауыржан Ысқақов.
Дегенмен телефонның қолжетімділігін тек жалақыға шаққандағы құнымен өлшеу жеткіліксіз. Адамның табысының едәуір бөлігі тұрғын үйге, азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге және несиеге жұмсалады. Отбасы шығыны мен жинақ көлемі де маңызды.
Мысалы, 600 мың теңгелік телефонды алайық. Адам ай сайын 50 мың теңгеден жинаса, қажетті соманы 12 айда жинайды. Сондықтан маңыздысы – телефонның қанша жалақы тұратыны емес, оны сатып алғаннан кейін күнделікті қажеттіліктерге қанша қаражат қалатыны.
Бұл жерде тұтынушылардың табыс деңгейі маңызды рөл атқарады.
– Табысы жоғары адамдар үшін бағаның өсуі айтарлықтай кедергі болмауы мүмкін. Ал орташа және төмен табысы бар адамдар жаңа модельді сатып алуды кейінге қалдыруы ықтимал, – деді сарапшы.
Бөліп төлеу сұранысты ұстап тұра ала ма?
Елімізде қымбат тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігі тұтынушының таңдауына әсер ететінін айту керек. Бірақ бұл тәсілдің өзі несие шарттарына байланысты.
Телефон қымбаттаған сайын ай сайынғы төлем өседі. Ал несие талаптары қатаңдаса, кейбір сатып алушылар қажетті соманы ала алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда қымбат смартфон сатып алуды кейінге қалдыруға немесе арзанырақ модель таңдауға тура келеді.
Оның үстіне 2027 жылдан бастап қарыздың табысқа қатынасының шекті коэффициентін енгізу жоспарланып отыр.
– Егер бөліп төлеу мен тұтынушылық қарыздарға қойылатын талаптар қатаңдаса, iPhone сатып алу қолжетімсіз бола түсуі мүмкін, – деді Бауыржан Ысқақов.
Қаржылық мүмкіндікпен қатар, қымбат смартфон таңдауға тұтынушының жеке ұстанымы да әсер етеді. Бұл әсіресе премиум сегментіндегі тауарларға қатысты.
iPhone ұстау мәртебе ме?
Клиникалық психолог Еркежан Мұратқызының пікірінше, кей жағдайда қымбат смартфон сатып алудың артында өзгелерге жақсы әсер қалдыру немесе өзін жоғары көрсетуге ұмтылыс тұруы мүмкін. Әсіресе, мұндай қадам жас буынға тән.
– Кейбір қазақстандықтар мақтан өмірді ұнатады. Мысалы, адамның қолында жаңа iPhone болуы мүмкін, ал кешкі асқа ол қарапайым макарон жейді, – деді маман.
Психологтың айтуынша, мұндай таңдау адамның нақты қаржылық мүмкіндігімен әрдайым сәйкес келе бермейді.
– Көбіне табысты адамдар өзіне сенімді және өзгелерге бір нәрсені дәлелдеуге мұқтаж емес. Ал қалтасы көтермейтін затты сатып алуға тырысатын адам кейде өзгелердің өзі туралы көзқарасын өзгерткісі келуі мүмкін, – деп қосты сарапшы.
Смартфонның орнына не алуға болады?
iPhone-ның бағасының қаншалықты қомақты сома екенін күнделікті шығындармен салыстырғанда аңғаруға болады.
Сарапшылардың есебінше, ол шамамен үш жылға жуық коммуналдық төлемге немесе Астана мен Алматыдағы бір бөлмелі пәтердің бірнеше айлық жалдау ақысына тең.
Тұрмыстық техникамен салыстырғанда да айырмашылық байқалады. Мысалы, 790 мың теңгеге кір жуғыш және кептіргіш машина, тоңазытқыш, шаңсорғыш, микротолқынды пеш, электр шәйнек, үтік және мультипісіргіш немесе аэрогриль секілді бірнеше қажетті зат алуға болады. Олардың жалпы құны шамамен 1,04 млн теңгені құрайды.
Бұған дейін iPhone 18-ге қатысты жаңа алаяқтық схема пайда болғанын жазған едік.