«Қолдан жасалған шиеленістер елдің экономикасына нұқсан келтіріп қоймай, адамдардың билік институттарына деген сенімін жоғалтады» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Назарбаев Университетіне келді. Президент студенттермен, оқытушылық-профессорлар құрамымен, ғалымдармен, оқу ордасының қызметкерлерімен кездесіп, университеттің ғылыми-зерттеу зертханалары мен кітапханасын аралап шықты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаңа талапқа сай оқу орны» деген тақырыппен мақала басылды. Білім ордасынан аралап шыққаннан кейін журналистерге арналған брифинг кезінде Елбасы: «Назарбаев Университеті мүлдем жаңаша талапқа сәйкес жұмыс істейді. Бұл оқу ордасында әлемнің әр түкпірінен келген профессорлар мен оқытушылар сабақ береді. Егер де барлығын түсіндіретін болсақ, біз жастарды шет елдерге шығарып оқытудан бастағанымыз дұрыс болды. Соның бір айғағы, Назарбаев Университетіндегі 100-ден астам профессор мен оқытушы «Болашақ» бағдарламасымен дүние жүзінің университеттерінде білім алып келгендер. Қазіргі таңда жастарды оқытып жатқан, міне, солар», - деді.
«Кеше Сенаттың кезекті отырысы болып, оны палата Төрағасы Қайрат Мәми ашып, жүргізіп отырды. Палата бюросы ұсынған мәселе төртеу болса, олар Қорғаныс министрлігі тарапынан әзірленіп, Мәжіліс мақұлдап Сенатқа ұсынған төрт заң жобасы еді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Ұжымдық қауіпсіздік үшін қажет» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, күн тәртібі бекітілген соң ұқсас болуы себепті барлық заң жобалары туралы баяндаманы Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов жасады. Алғашқы заң жобасы «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» болды. Толығырақ басылымның бүгінгі санынан біле аласыздар.
***
«Үкіметттің бірінші вице-премьері Серік Ахметов су алған ауылдарды аралады», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның алға тартқан соңғы мәліметтеріне сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны басталғалы 3300 адам өз үйлерінен көшірді. Ұзындығы 1420 метрден астам бөгеттер тұрғызылды. Топырақ салынған 21 мыңнан астам қаптан кедергілер салынды. 35 000 текше метрден астам су басқан үйлер мен аулалардан қар суы сорып алынды. Ұзындығы 5600 метрден астам су өткізу құрылғылары тереңдетілді. Толығырақ «Су алған ауылды аралады» деген тақырыптағы мақалада баяндалған.
«Айқын» газетінің жазуынша, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін тең аяқтады. Чех маманы Мирослав Беранек жаттықтыратын командамыз жолдастық бәсеке аясында Латвия құрамасына қарсы тұрған еді. Бұл кездесу Түркия жерінде өтті. Латвия командасының тізгінін ұстап жүрген танымал бапкер Александр Старков ойынның қарсаңында қазақстандық футболшыларды өздеріне лайықты қарсылас ретінде мақтап өткен болатын. Әрине, қай маман қарсыласын осал деп айтсын? Дегенмен букмекерлік кеңселердің пайымынша, бұл бәсекенің фавориті Балтық жағалауының ұжымы саналды. Ойын нәтижесін білгіңіз келсе, «Түркиядағы ойыннан түк шықпады саны кем болса да латыштарды жеңе алмадық» деген тақырыпқа зер салыңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевпен арадағы сұхбат «Қолдан жасалған шиеленістер елдің экономикасына нұқсан келтіріп қоймай, адамдардың билік институттарына деген сенімін жоғалтады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Жеке бизнес, ең алдымен, шағын және орта бизнес еліміздің әл-ауқатының кепілі, орта таптың тірегі болып табылады. Оның үстіне Қазақстанда шағын және орта бизнес үнемі көптеген қиындықтарға, соның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан жасанды кедергілерге душар болып келеді. Осындай қиындықтардың бірі - экономикалық құқық бұзушылық үшін жазаны қатаңдату», - дейді.
***
«Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры» АҚ қандай да бір ірі банк дефолтқа ұшыраған жағдайда міндеттемелер бойынша жауап береді». Бұл туралы аталған қордың төрағасы Бақыт Мәженова «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында. «Бүгінде қордың шығынды өтеу арнайы резервінің көлемі 161 млрд., ал активтері 244 млрд. теңгені құрайды. Сондықтан да кепілді шығынды өтеу деңгейін 5 миллион теңгеге дейін сақтау туралы мемлекет шешімінің маңызды факторларының бірі қордың қордың тұрақты қаржылық жағдайына орай болды», - деді ол. Сұхбат «Обязательства государства соотносятся с его возможностями отвечать по ним» деген тақырыппен берілген.