Қолданыстағы Заң Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы мемлекеттілігінің негізін қалаушының ролін толық көлемде айқындай алмайды
Бүгін Елбасы мәртебесін заң деңгейінде бекіту туралы заң жобасын ұсыну барысында сөз сөйлеген депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сөзінде Р. Халмұрадов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың әлемдік беделіне тоқтала келе, Президентті «бүгінгі заманның Джордж Вашингтон, Ататүрк, Ганди сияқты тек дара тұлғаларға тән көшбасшылық, қасиетімен жарқын күндерге жол бастаған Елбасы» деп атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев - Президент қана емес, қазіргі заманға лайықты мемлекет - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, республиканың қарқынды экономикалық өсуіне, халықтың әл-ауқатының артуына қол жеткізген және барша өркениетті әлем мойындаған тұлға. Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы беделі өте жоғары, оның даусыз да айқын дәлелі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның төрағалық етуі болып табылады.
«Оның үстіне, әлемнің барлық көшбасшылары Мемлекетіміздің басшысының беделін мойындайды. Ресей Үкіметінің басшысы Владимир Путин «Нұрсұлтан Әбішұлы - өз халқының даусыз көшбасшысы» деп бағаласа, Түркияның Премьер-Министрі Нұрсұлтан Назарбаевты «түрік әлемінің лидері» деп атады. Біздің қоғамымызда да осы туралы көп ұсыныстар, пікірлер айтылып келеді. Республикамыздың Тұңғыш Президентін - Елбасы, Елбасымыз деп мақтанышпен атаймыз. Дегенмен Елбасы мәртебесі заң деңгейінде бекітілмеген. Қолданыстағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық Заң Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы мемлекеттілігінің негізін қалаушының ролін толық көлемде айқындай алмайды», деді депутат.