Қолданыстағыдан 3 мың есе шапшаң ғаламтор пайда болды
АСТАНА. 14 шілде. ҚазАқпарат - Израиль мен АҚШ ғалымдары бірлесіп, өте жылдам ғаламтор ойлап тапты. Егер бұл технология күнделікті өмірге енетін болса, ғаламдық желімен секундына 2,5 терабит ақпарат алмасуға мүмкіндік туады.
News.ge порталының хабарлауынша, Тель-Авив және NASA аэроғарыш агенттігінің Оңтүстік Калифорния университеттері ғалымдары интернеттің сымсыз желісінің шамадан тыс жылдам технологиясын жасап шығарды. Ол ақпарат алмасудың жылдамдығын қазіргіден 3000 есеге арттырып отыр. Мұндай шапшаңдықпен ғаламдық желіден Blu-ray стандартындағы фильмдерді бір секундта-ақ жүктеп алуға болады. Демек, сол қас-қағым сәтте мыңдаған құжат пен мәліметтер алмасып жатады деген сөз. Бұған қоса, жаңа технология бойынша бір емес, бірнеше арнамен ақпарат алмасу мүмкін болып отыр.
Алаш айнасы