Қолды қалтаға салмау, бағандардан алыс жүру: Құтқарушылардың елордалықтарға кеңесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті екпінді жел тұрып, көктайғақ болған кездегі сақтық шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолды қалтаға салмау, бағандардан алыс жүру: Құтқарушылардың елордалықтарға кеңесі

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ертең, 5 ақпан күні ауа райының нашарлауына байланысты елордада және өзге 7 өңірде ескерту жарияланды. Нұр-Сұлтанда көктайғақ болып, желдің күші секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін.

Осыған орай Төтенше жағдайлар департаменті елордалықтар мен қала қонақтарына сақтық шаралары туралы ескертті.

Атап айтқанда, құтқарушылар ауа райының өзгеруі туралы ақпаратты және енгізілген шектеулерді жіті қадағалап отыруға, көшеде бағандардан, ағаштардан, жарнамалардан, электр желісі жүйелерінен және сымдардан алыс жүруге тырысуға, үйдегі немесе пәтердегі барлық терезелерді мықтылап жабуға, балконнан сыртқа ұшып, құлауы мүмкін барлық заттарды алып тастауға, үзілген сымдар мен бос қозғалып тұрған заттарға жақындамауға, қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратқа кіріп, жел басылғанға дейін жасырынуға кеңес береді.

Мұнан бөлек, көктайғақ кезінде құлау ықтималдығын азайту үшін биік өкшелі аяқ киімнен бас тартып, табаны ұсақ саңылаулы материалдан жасалған, тайғанамайтын аяқ киім кию қажет. Жолдың жүру бөлігінде өте сақ болып, асықпау әрі жүгірмеу керек. Тегіс емес мұз қатқан барлық жерлерді айналып өтуге тырысқан жөн. Қол мүмкіндігінше бос болуы қажет. Ал егде жастағы адамдарға резеңке ұштығы бар таяқ немесе ұштары бар арнайы таяқ қолдануға кеңес беріледі.

«Естеріңізде болсын: арқамен, бетпен құлау қауіпті, бастан зақым алуыңыз мүмкін. Зардап шексеңіз міндетті түрде дәрігерге алғашқы медициналық көмекке жүгініңіз. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» нөміріне қоңырау шалыңыз«, - деп ескертеді департаменттен.