«Көлеңкеден» миллиардерлер шыға бастады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 1 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, 9-10 сәуірде «Жас Отан» жастар қанатының кезектен тыс III съезі өтеді. Бұл туралы кеше «Жас Отан» жас­тар қанатының 2020 жылға дейінгі «Жастар - Отанға!» бағдарламасын әзірлеу бойынша ұйымдастырылған қорытынды жиналыс барысында белгілі болды. Бұл бағдарлама «Жас Отан» жастар қанатының кезектен тыс III съезінде қабылданатын болады. Ол ұйымның әрі қарайғы іс-қимылы үшін идеологиялық бағдар болмақ, сондай-ақ, «Қа­зақстан-2050» Стратегиясын іске асыруда табысқа қол жеткізуге бағытталған. Отырыс барысында «Жас Отан» жастар қанатының атқа­рушы хатшысы Нұрлан Сыдықов сөз алып, аталған бағдарламада 4 негізгі бағытқа айрықша назар аударылғанына, бұл құжаттың негізінде «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы мен «Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында көрсетілген құндылықтар жатқанына тоқталды. Осы жайында «Бағдарлама жобасы әзірленді» деген мақалада басылды.

Бас басылымда «Отандық жаңа мессенджер» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Мемлекеттік тілді дамыту қоры Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде iPhone және iPad тұтынушылары үшін қолжетімді «Айтыс» атты тұңғыш қазақстандық мессенджердің тұсаукесерін өткізді. Аталған жаңа отандық жобаны таныстырған Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев iTys (Айтыс) мобильдік қосымшасы қолданушыларға мемлекеттік тілде толыққанды хат-хабар алмасуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сондай-ақ, әлемнің әр қиырындағы барша қазақстандықтарды біріктіруді көздейтіндігін жеткізді. Бұл iTys өнімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді қарқынды дамытудың басты бағдары ретінде айқындаған инновациялық жобаларының қатарына жатады, деп атап өткен А.Шауеев алғаш рет «Айтыс» қазақстандық мессенджерінің тұсаукесері өткен жылдың қарашасында өткізілгендігін еске салды. Биылғы жылғы тұсаукесерде аталған жобаның жетілдіріліп, біршама ұтымды тұстары бар екен­дігін атап өтті. iTys Қазақстанда, әсіресе, жастар арасында ерекше танымал байланыс түріне айналды. Еліміздегі iTys-ты қолданушылар күн сайын үш миллионнан астам хабарлама жіберіп, мультимедиялық файлдар алмасып отырады, деді ол.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанның бюджетіне бұрын жоспарланбаған қаржы көзінен 1 миллиардтан астам түсім түсті. Елімізде жүріп жатқан «мүлікті жария ету» науқаны осындай пайда әкеліп отыр. Тағы бір айта кетер жайт, бүкіл еліміз бойынша ондаған мың үй заңдастырылып, олардың иелері ресми түрде «баспаналы» болуда. Егер ол азаматтардың арасында бұған дейін жергілікті әкімдіктерде үй кезегінде тұрғандары болса, енді осы рақымшылық шарасынан кейін олар сол тізімнен шығарылатын болады. Қаржы министрлігінің наурыз айының соңындағы мәліметі бойынша, жалпы құны 110,3 миллиард теңгеге бағаланатын 17 мың 695 объект ендігі рақымшылыққа ілікті. Әйткенмен, «көлеңкеден» жарыққа шығатын мүлік пен капиталдың көлемі бұдан әлдеқайда көп екендігі анық. Осы жайында «Көлеңкеден» миллиардерлер шыға бастады» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Алтын-валюта қоры артып келеді» атты мақала жарияланды. Қазақстан алтын валюталық резерв бойынша әлемде 24-орынға жайғасты. Бұл туралы Халықаралық валюта қоры хабарлады. Еліміздің қазынасында 196,1 тонна алтын бары белгілі болды. Ал көш басында АҚШ тұр. Оның қорында 8135 тонна алтын бар екен. Көршілес Ресей 1207 тонна құнды алтынымен алтыншы орынға тұрақтады. Алтын валюталық резервінің артуы, еліміздегі алтын өндірісінің әлеуетіне тікелей байланысты. Алтын үлесінің көбеюіне Елбасының «алтын өндірісін жылы­на 70-100 тоннаға дейін жеткізу керек» деген талабы да себеп болғанға ұқсайды. Себебі, алтын қоры 500 тоннадан асатын «Бақыршық» (Шығыс Қазақстан облысы) пен Васильевское (Ақмола облысы) кен орындары осы талап үдесінен шығу үшін барын салып жатыр.

***

«Экспресс-К» газетінде «Вирусов бояться - в Интернет не входить» атты мақала берілген. Қаңтардан бастап Қазақстан авторлық құқық туралы заңнаманы күшейткенімен, зияткерлік меншік тұрғысындағы заң бұзушылықтар деңгейі төмендемей тұр. Мысала бағдарламалық жасақтама саласында қарақшылық деңгейі 70 пайыздан асып отыр. Осындай мәліметтерді Алматыда өткен «дөңгелек үстелге» қатысушылар келтірді. Атап айтқанда, қазақстандықтар компьтерлік вирустар мен кибершабуылдарға жиі ұшырап жатса да, алайда контрафактілік бағдарламалық жасақтаманы пайдалануды жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар