Көлеңкелі экономикадан бюджетке 4 трлн теңге салық түспей жатыр – Наталья Годунова
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова тиімсіз салық жеңілдіктерін алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Салық базасын кеңейту үшін барлық резервті пайдалану қажет. Көлеңкелі экономика салдарынан мемлекет бюджетіне жыл сайын кемінде 3-4 трлн теңге салық түспейді және бұл есеп-қисап көлеңкелі экономика туралы ресми деректерде жарияланған. Дегенмен бұл көрсеткіш бұдан да жоғары деген пікір бар», - деді Наталья Годунова.
Оның айтуынша, тағы бір резерв тиімсіз қолдау шаралары мен салық жеңілдіктерін қысқартуға қатысты.
«Тек салық жеңілдіктері бойынша төрт жылда бюджет кірісінен қағылған қаражат 30 трлн теңгені құрады. Оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі де, Мемлекеттік кірістер комитеті де ескермеген 64 салық жеңілдігі бар. Осы жеңілдіктер қандай әсер бергенін ешқайсысы анық айтпады. Бұл жеңілдіктердің көбісі жалпы әлемдік тәжірибеде ескерілгенін білемін, бірақ біз олардың тиімділігін бағаламай келеміз. Олардың кейбіреуінің тиімсіз екенін ескеріп, тізімнен алып тастаған жөн болар», - деді Н. Годунова.