Қолға алынған жаңа технологияның көмегімен 2013 жылға қарай ана мен бала өлім-жітімін 1,5 есеге азайту көзделіп отыр
Мұндай орталықтардың жұмысы ана мен бала өлім-жітімін 2013 жылға қарай 1,5 есеге азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Балалық жастағы сырқаттарды интегралды жүргізу жөніндегі үйлестіру орталығы Алматы қаласындағы Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығы, Перинаталдық көмекті тиімді үйлестіру орталығы және Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында жұмыс істеуде. Аталған орталықтар медицина қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби білім алуы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған перинаталдық тиімді технологияларды, 5 жасқа дейінгі дені сау және ауру балаларды бақылау стандарттарын тәжірибелік жұмысқа енгізу мақсатында ұйымдастырылды. Мұндай орталықтар жұмысы 2013 жылға қарай ана және бала өлім-жітімін 1,5 есеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде еліміздің барлық 16 аймағында өңірлік орталықтар құрылған. 2011 жылы балалық жастағы сырқаттарды интегралды жүргізу бағдарламасы бойынша 2,5 мыңдай педиатр, 600-ден астам жалпы тәжірибе дәрігері, балалар медициналық ұйымдарының 546 бас дәрігері, 1 мың 300-дей фельдшер және 4 мыңнан астам медбике білімдерін толықтырды. 170 өңірлік жаттықтырушы даярланды.
Балалық жастағы сырқаттарды интегралды жүргізу өңірлік орталықтары мамандардың компьютерлік оқуы және өз бетінше оқуына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ұлттық жаттықтырушылар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшыларымен бірлесіп, 400-ден астам маманды оқытты. Ал өңірлік орталықтарда тиімді перинаталдық көмек көрсету бойынша 7 мыңға жуық медбике білімдерін шыңдады.