Көлге демалуға барған америкалықтар жасы 3 миллион жылдық жануардың қаңқасын тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы Нью-Мексико штатында көл жағалауында демалып жатқан алты америкалық азамат ежелгі жануардың сүйегін тауып алды.
Ол 3 миллионнан астам жыл бұрын тіршілік еткен болып шықты, деп хабарлады Discovery News.
Өздері тоқтаған жерден азаматтар сүйекке ұқсас бірдеңе тауып алған. Қазып алса, қаңқа мінсіз сақталған пілге ұқсас жануардың бас сүйегі болып шыққан.
Олар ежелгі мамонттың сүйегін таптық деп ойлаған. Дереу суретке түсіріп, жергілікті мұражайға жіберген. Зерттеу нәтижесінде әлгі мамонттың емес, одан да ерте заманғы жануардың қаңқасы екені анықталды. Мамандар стегомастодонның бас сүйегі деп отыр. Бұны ежелгі піл тұмсықты жануар - мамонттардың тарихқа дейінгі арғы тегі деуге болады.
Ғалымдар жерден салмағы 450 келіден астам бас сүйекті қазып алып, мұражайға тапсырды.