Көлігі жыраға құлаған шетелдік жүргізушіге көмек көрсетілді – ШҚО

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көлігі жыраға құлап кеткен шетелдік жүргізушіге көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлігі жыраға құлаған шетелдік жүргізушіге көмек көрсетілді – ШҚО

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Семей қаласынан 50 шақырым жердегі Қызымшек ауылының маңында Mercedes жүк көлігі жыраға құлап кеткен. Бірден сол жерге №2 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары арнайы техникамен келіп жетті.

«Шетелдік жүргізуші жүк тиеп келе жатқанын айтып, эвакуациядан бас тартты. Құтқарушылар көлікті жолға шығарып берген соң ол ары қарай сапарын жалғастырды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте ТЖД өңір тұрғындарына алыс сапарға шыққан кезде Darmen мобильді қосымшасы арқылы жолдардың жай-күйін алдын ала біліп алуға кеңес береді. Сондай-ақ қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда «112» нөміріне қоңырау шалу керектігін еске салады.