Көлік Ертіске құлай жаздады: Семейде демалушылар қайғылы жағдайдан аман қалды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында соқтығысқан екі көліктің бірі жағалауда демалып жүрген тұрғындарды басып кете жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы қаладағы Бейбітшілік жағалауының маңында болған.
«Toyota Prado» көлігін мас күйде тізгіндеп келе жатқан 56 жастағы жүргізуші жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып жіберген. Соның салдарынан жолда тоқтап тұрған «Hyundai Accent» көлігімен соқтығысты.
Соққыдан жеңіл көлік жағалауға қарай ұшып түсіп, демалып жүрген тұрғындарды басып қала жаздаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді.
«Toyota Prado» көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігімен (мас күйдегі жүргізушінің рульге отырып, көлік құралының бүлінуіне әкеп соққан жол апатына себепкер болуы) әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бұзушылық жиырма тәулікке әкімшілік қамауға алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады», - делінген ақпаратта.