Көлік инфрақұрылымының 2020 жылға дейінгі дамуы бағдарламасының жобасы мақұлданды

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында Көлік инфрақұрылымының 2020 жылға дейінгі дамуы бағдарламасының жобасы мақұлданды. Аталған бағдарлама бойынша Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады.

Көлік инфрақұрылымының 2020 жылға дейінгі дамуы бағдарламасының жобасы мақұлданды
«Бағдарламада өңірлерде жергілікті көлік инфрақұрылымын дамыту, көлік инфрақұрылымын халықаралық көлік жүйесіне ықпалдасуын қамтамасыз ету, транзиттік тасымалды 2020 жылға дейін екі есеге ұлғайту секілді негізгі бағыттар ескерілді. Бағдарлама жобасын әзірлеу Дүниежүзілік банкі сарапшыларының қолдауымен жүргізілді»,-деді министр. Белгілі болғанындай бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 30 мың шақырым автожолды, 8202 шақырым теміржол желісін жөндеу, сондай-ақ 100 пайызға теміржол бекеттері мен республикалық көлік инфрақұрылымының дамуына бағытталған басқа да шараларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, автокөлік жолдары торабын дамыту аясында 2020 жылға қарай жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында республикалық маңызы бар 4,5 мың шақырым жолдар бірінші техникалық категорияға көшіріледі. Осы орайда жақсы жағдайдағы, сондай-ақ қанағатты күйдегі республикалық маңызы бар жолдар 89 пайызды құрамақ.