Көлік комитеті «Айқын бағыт» жобалық кеңсесін таныстырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік комитетінде көлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа әдістерін қолдануға және комитет қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыратын кеңсе ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлік комитеті «Айқын бағыт» жобалық кеңсесін таныстырды

Атап айтқанда, жобалық кеңсе арқылы көліктік бақылау қызметкерінің қатысуынсыз автокөліктердің салмақтық және габариттік параметрлерін автоматты түрде анықтайтын өлшеу станциялары пайдалануға берілгелі отыр. Тасымалдаушылардың автоматтандырылған өлшеу станцияларында АКҚ өлшеу құралының салмақтық, габариттік параметрлерінен асыра жүріп өткендігі анықталған жағдайда қайта анықтауға мүмкіндігі бар. Бұл ретте, тасымалдаушыларды жолда тоқтатпай жүк тасымалдау мерзімін қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға болады.

«Біз осы жылдың маусым айында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің «Айқын бағыт» атты жобалық кеңсесін құрдық. Мұндағы мақсат – біздің комитеттің жұмысын жетілдіру, дамыту. Бұл ретте негізгі міндеттерді таңдап алдық, яғни қазіргі таңда жаңа жобаларды іріктеу, басқару жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізудеміз. Жобалық кеңсе арқылы ақпараттық жүйелерді енгізіп, көліктік бақылау қызметтерін жетілдіру, өлшеудің автоматты жүйесін енгізуді көздейміз», - деді жобалық кеңсенің таныстырылымында ҚР ИИДМ көлік комитеті төрағасының орынбасары Данияр Қоспабаев.

Бұдан басқа, комитет қызметінің тиімділігін арттыру үшін функционалдық талдау жүргізу және бизнес-үдерістерді оңтайландыру жолымен ISO 9001 стандартына қол жеткізу жобасы әзірленген. Қазіргі уақытта функционалдық талдау жүргізу нәтижесінде министрліктің, комитеттің және құрылымдық басқармалардың ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілуде.

Сонымен қатар, әрбір маманның лауазымдық нұсқаулықтарында жүктелген міндеттер нақты көрсетіледі. Бұдан бөлек, комитетте деректердің үлкен көлемін санаулы мерзімде өңдеуге мүмкіндік беретін BI-жүйелерді енгізу жөніндегі жоба іске асырылып жатыр.