Көлік мәселелеріне арналған заң жобасы келісім комиссиясында қаралатын болады
АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құру мәселесі қаралып, комиссия құрамына Сенат депутаттары сайланды.
Естеріңізге сала кетейік, аталған құжаттың мақсаты көлік қызметін мемлекеттік реттеу жүйесін және тасымалдау үдерісін жетілдіру болып табылады. Сондай-ақ құжат бойынша көлік саласындағы құқықтық олқылықтарды жою және ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес келтіру қарастырылған. Бұдан бөлек түзетулер халықаралық, қалааралық қатынаста автобустармен жолаушыларды тасымалдауға лицензия енгізуді қарастырады. Жолаушыларды темір жолмен тасымалдауларды басқарудың жол жүру билеттерін сату бойынша автоматтандырылған жүйесіне пайдаланушылардың қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, темір жол вокзалдарының қызметін ұйымдастыруға, ұлттық теңіз тасымалдаушысын айқындауға бағытталған нормалар қамтылып отыр.
Келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының құрамына Парламент Сенаты тарапынан депутат Талғатбек Абайділдин, Михаил Бортник және Сергей Плотниковтар сайланды.