Көлік полицейлері пойыздарда «Ұялы телефоныңды сақта!» алдын алу іс-шарасын өткізді
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі Ішкі істер департаменті 2012 жылдың 1 ақпанында жолаушылар пойыздарында орын алатын өзгенің мүлкін ұрлауға қатысты құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында жолаушылар пойыздарында «Ұялы телефоныңды сақта!» атты жедел-алдын алу іс-шарасын бастады.
Аталған іс-шара 2012 жылдың 10 ақпанына дейін жалғасын таппақ, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.
Алғашқы күні-ақ «Алматы-Петропавл» бағытымен жүретін №15 жолаушылар пойызы мен «Көкшетау-Қызылорда» бағытымен жүретін №56 жолаушылар пойызы іс-шара өткізу нысанасына ілікті. Аталған іс-шараға Көліктегі ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері тартылды.
КІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Әміржан Ақшолақовтың мәлімдеуінше, республикамыздағы жолаушылар пойыздарында жиі орын алатын жедел жағдайға байланысты жолаушылар пойыздарында жолаушылардың жеке мүліктерінің, әсіресе, ұялы телефон ұрлығының алдын алуға бағытталған осы «Ұялы телефоныңды сақта!» атты жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу туралы шешім қабылданды. Іс-шараның мақсаты - жолаушылар пойыздарында жолаушылардың өз заттарына қырағы және мұқият болуға тағы да үндеу.
«Алматы-Петропавл» бағытындағы №15 жолаушылар пойызында атылмыш іс-шараны өткізуге пойыз бригадирі А.Жамашев қолдау көрсетіп, бірлесе өткізуге көмек қолын созды. Ұсынылған дауыс ұлғайтқыш байланысы арқылы барлық жолаушылар іс-шарадан хабардар болды.
Департаменттің ҚҚБ қызметкерлері ұялы телефондардардың ұрлану жағдайы мен себептерін анықтау мақсатында жолаушылардан сауалнама алды. Сауалнамаға 40 жолаушы қатысты.
Жедел алдын алу шарасы барысында көлік полиция қызметкерлері жолаушыларға жеке заттары ұрланған жағдайда әрекет ету шаралары жазылған ескертпе үнпарақтарын таратты.