Көлік полицейлері ұялы телефон тонаған екі жас жігітті ұстады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 қараша күні Алматы-1 стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасына 18 жастағы азамат хабарласып, осы жылдың 28 қазан күні Алматы-2 стансасында төрт белгісіз азамат өзіне қатысты күш қолданып, 2 ұялы телефоны мен 25 000 теңге ақшасын тартып алғанын айтқан.
Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Көліктегі ІІД криминалдық полиция қызметкерлерінің Алматы-1 ІІЖБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп атқарған шараларының нәтижесінде 1992 және 1998 жылдары туылған екі азамат күдікті ретінде анықталып, ұсталды. Олардың екеуі де Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілердің бірі кәмелет жасына толмаған жасөспірім.
Аталған факті ҚР ҚК 191 бабының 2 бөлімі бойынша (тонау) сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді.
Қазір 1992 жылы туылған жігітке тұтқындау шарасы қолданылса, кәмелетке толмаған оның сыбайласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұзақылардың қалған екеуі іздестірілуде.
Тергеу амалдары жүргізілуде.
«Еске сала кетейік, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған тонау - мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп ескертілген хабарламада.