Көлік полициясы қызметкерлері 60 килограмнан астам есірткі затын тәркіледі - Көліктегі ІІД
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - Ағымдағы жылдың 21 мамырында Көліктегі ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес бөлімінің тәртіп сақшылары Луговая стансасында 60 килограмнан астам есірткі затын тәркіледі.
Сараптама барысында есірткі затының «кептірілмеген марихуана» екендігі анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Тәтті-Құрағаты теміржол қумасының 3670 шақырымында Жамбыл облысының жұмыссыздар қатарындағы тұрғынынан салмағы 35 кг 500 грамм салмақтағы кептірілмеген марихуана тәркіленген. Күдікті тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына жабылған.
Сондай-ақ шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде сол теміржол бөлігінің 3668 шақырымында 35 жасар Тараз қаласының тұрғыны тұтқындалған. «Тәртіп сақшыларының қолына түскен жұмыссыз азаматтан жалпы салмағы 25 килограмм 700 грамм салмақтағы кептірілмеген марихуана табылған» делінген ақпаратта.
Екі заң бұзушылық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 259 бабының 1- бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.