Көлік сақшылары ұлттық құндылықтарды ұлықтап, дәстүрімізді дәріптеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Наурыз мерекесін сән-салтанатпен атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департаменттің әдемі безендірілген акт залында «Қош келдің, Әз Наурыз!» театрландырылған көрініс қойылды.

Ұлттық нақыштағы киіз үй макеттері онда қойылған тұрмыстық бұйымдар іс-шараның шырайын кіргізді. Түрлі дәмге толы дастархан, наурыз көже, ет пен қымыз, құрт пен ірімшік қазақ халқының қонақжайлылығын дәріптеді.

Департаменттің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, күнделікті қызметте полицей формасын киетін сақшылар бүгін барлығы ұлттық киіммен келді.

Дүбірлі жиынды ашқан Көліктегі ПД бастығы Оңал Бекеев жеке құрамды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Мереке барысында департаменттің аппарат қызметкерлері ұлтымыздың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсету бойынша «Ынтымақ», «Достық» және «Береке» ауылдары болып үш топқа бөлініп, сынға түсті.

Қазылар алқасының шешімімен «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Беташар», «Бата беру» сынды халқымыздың тамаша жоралғыларын насихаттай білген қызметкерлер жеңімпаз атанды. Сондай-ақ «Ең үздік қазақ үй», «Ең үздік ұлттық киім», «Ең үздік көрсетілім», «Ең үздік дастархан» аталымдары бойынша озық шыққандар анықталды.

Департамент бастығы, полиция генерал-майоры О.Бекеев Бірханым есімді сәбидің тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

Мерекелік іс-шара аясында әндер шырқалып, күйлер тартылды. Тойдың сәнін «қол күресі», «арқан тарту», «кір көтеру» секілді ұлттық ойындар аша түсті.

Мерекеге арнайы келген көліктегі ішкі істер органдарының ардагерлері астан дәм татып, бір-бірімен әңгімелесіп, өздерінен кейінгі буынға ақ тілектерін жеткізді.

Осылайша Наурыз мерекесін елдік пен жасампаздықтың белгісіндей ерекше ұлықтады.


Соңғы жаңалықтар