Көлік саласының 30 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Көлік саласының 30 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Көлік саласының қызметкерлеріне қатысты мұндай шешім ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуына және 2009-2011 жылдарға арналған автомобиль жолдарын салуды, қайта салуды, жөндеу жұмыстарын жүргізуді іске асыру кезінде қабылданған келісім-шарттардың орындалуына тексеру жүргізу нәтижесінде қабылданып отыр.
Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев аталған фактілермен жан-жақты танысып, қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекеттік сатып алуды өткізу және ұйымдастыру кезінде бюджет қаражатын негізсіз және тиімсіз жұмсағандары, мердігер компаниялардың өндірісте стандарттар мен норма бұзушылықтарға жол бергені, жол-құрылыс жұмыстары сапасының төмендігіне қатысты ескертулер бойынша көлік саласының бірқатар қызметкерлеріне тәртіптік шаралар қолданылды.
Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары мен 6 директорына, директорлардың 4 орынбасарына және Автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттерінің 10 қызметкеріне, «Облжоллаборатория» ММ 7 директорына, «Қазақавтожол»РМК Бас директорына, «Қазақавтожол»РМК облыстық бөлімшелерінің 3 директорына сөгіс пен ескертулер жарияланды.
Сонымен бірге, Автомобиль жолдары комитетінің облыстық департамент директоры мен директордың орынбасары қызметтерінен босатылды.