Көлік сатпақ болған Семей тұрғыны алаяққа алданып қалды
Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 12 тамызда полицияға хабарласқан 49 жастағы азамат мамыр айының соңында бейтаныс біреуге «Mersedes» маркалы автокөлігін сатқанын айтқан.
Олар көлік бағасына келіскен соң, сатып алушы ақшаны бөліп төлеуді өтініпті. Ештеңеден күдіктенбеген көлік иесі бұл ұсынысқа келісе салған. Алайда арада біраз уақыт өткенде айласын асырған алаяқ мүлде хабар-ошарсыз кеткен. Алданып қалғанын түсінген ер адам тәртіп сақшыларынан көмек сұрады.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Бесқарағай ауданының 18 жастағы тұрғыны сол көлікті сатып жіберіп, ақшаны қалтаға басқан. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.