Көлік ұрламақ болып тұтылды
АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы аудандық ІІБ-не автокөлігін айдап әкеткені туралы Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны арыз жазды.
Бұл ақпаратты Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оның атап өтуінше, кешкі мезгілде белгісіз азамат жеке тұрын үй ауласында тұрған «USUZU» маркалы манипулятор-автокөлігін айдап әкетуге тырысқан. Жәбірленушінің үйдің жанынан өтіп бара жатып, аула алдында тұрған автокөлікте оталдыру кілті тұрғанын байқаған елордада уақытша тұратын жұмыссыз «Р» есімді азамат мас күйінде машинаны айдап кетпек болған.
Көлікті ұрлап кету ұзаққа созылмады. Кетіп бара жатқан автокөліктің дауысын естіген қожайын үйден жүгіріп шығады. Алыстап бара жатқан манипуляторды көрген ол өзінің жеңіл көлігіне мініп, оны тоқтатуға тырысады. Шақырылған полиция қызметкерлері де көлікті ұрлап кетпек болған адамды қолға түсіруге көмектескен.
Оқиға барысын тергеу кезінде полиция қызметкерлері көлік ұрламақ болған тұлғаның бір жылдай Астана қаласында тұратындығын және еш жерде жұмыс істемейтінін, сондай-ақ бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығын анықтады. «Р» есімді азамат ҚР ҚК-нің 185 бабы бойынша 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылуы мүмкін.