Көлік ведомствосының басшысы Астана мен Алматы әуежайларын одан әрі дамыту мәселелері бойынша отырыс өткізді

деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында «Астана халықаралық әуежайы» АҚ президенті Қайрат Жауханов және «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ бірінші вице-президенті Қобланды Тумышевтің ақпараттары тыңдалды. Астаналық әуежай басшысы өз сөзінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізу дайындығы кезінде, яғни ЕҚЫҰ Саммиті және Қысқы Азия ойындарына байланысты әуежай инфрақұрылымын түбегейлі дамытуға бағытталған жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Осы іс-шараларға дайындық барысында заманауи арнайы техника сатып алынып, авиациялық қауіпсіздік бойынша орталық ашылды және транзиттік әлеует арттырылды. Сонымен қоса, алдағы уақытта қызмет көрсету деңгейінің жақсаруына, сондай-ақ, әуе рейстерінің кешігуін азайтуға байланысты көптеген іс атқарылуы қажет. Көлік ведомствосының басшысы астаналық әуежай басшылығына транзит пен логистика әлеуетін әрі қарай дамытуға және жолаушылар ағынын арттыруға баса назар аудару қажеттігін айтты. Әуежай басшылығына әуежайды одан әрі дамыту мақсатында алдағы уақытта жүк және жолаушы ағыны бойынша жаңа талаптар мен мониторингті ескере отырып, ұсыныстар беру тапсырылды.
Алматы әуежайының бірінші вице-президенті өзінің баяндамасында қазіргі таңда Алматы әуежайы Орталық Азияда жетекші орын алып тұрғанын атап өтті. Әуежай кәсіпорынның қаржылық жағдайын тұрақтандыруға қол жеткізді. Сөйтіп, 2010 жылғы кіріс 2009 жылғы кіріспен салыстырғанда 31%-ға жоғары болды. 2011 жылы да дәл сондай үрдіс байқалады. Қызметкерлердің жалақысы 20%-ға артты. Келешекте әуежайды кеңейту жоспарлануда. Шетел әріптестері арқасында әуежай еуропалық стандарттарға сәйкес жолаушыларға желілік қызмет көрсетуде. Көліктік-логистикалық орталықтың негізі мультимодальді терминал болады.
Отырысты қорытындылай келе, Б. Камалиев екі әуежай басшыларына сұраныстың өсуін және халықаралық стандарттарды ескере отырып, кәсіпорындарды одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Оның ішінде, Директорлар кеңесі мен мемлекеттік органдар қарастыруды талап ететін мәселелерді ескеруге тапсырма берді. «Астана халықаралық әуежайы» АҚ ұшып келу халықаралық секторындағы жолаушыларға және бизнес-жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға байланысты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын ұсыну, сондай-ақ, Жапония Халықаралық ынтымақтастық банкіге (JBIC) қаржылық қарызды қайта құрылымдау жөнінде ұсыныстар енгізу және әуежай кешенін одан әрі дамыту бойынша тапсырмалар берілді. «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ға Алматы қаласында орнитологиялық жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу, сонымен қатар, мультимодальді логистикалық орталықты алдағы уақытта дамыту жөнінде және жаңа аэровокзал кешені құрылысы бойынша ақпарат беру тапсырылды.