Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов авиаторларды марапаттады
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін, 7 желтоқсан күні Көлік және коммуникация министрлігінде Халықаралық азаматтық авиация күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов өз құттықтау сөзінде қазақстандық авиаторлардың өздерінің кәсіби мерекесіне жақсы нәтижелермен келгенін атап өтті және жетістіктері үшін бірқатар авиаторларды құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында «Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының, «Эйр Астана» компаниясының, «Қазаэронавигация» кәсіпорнының өкілдері бар.
Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қол қойылғанына 50 жыл толуына орай 1994 жылғы 7 желтоқсанда Халықаралық азаматтық авиация күні БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми мерекесі болып жарияланған болатын. Аталған конвенцияға сәйкес ИКАО Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы мекемесі ретінде танылады.