Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев жаңа жылжымалы көліктік бақылау бекеттері автомобильдерінің кілттерін тапсырды
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат. 2011 жылғы 14 желтоқсанда ҚР көлік және коммуникация министрі Берік Камалиевтің қатысуымен жылжымалы көліктік бақылау бекеттерін (қажетті бақылау-өлшеу құрылғыларымен жабдықталған автомобильдер) Көліктік бақылау комитетінің өңірлік бөлімшелеріне тапсыру рәсімі өтті. Министр су жаңа 8 автомобильдің кілтін табыстады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жылжымалы (мобильді) бекеттердің жұмысы жолаушы және жүк тасымалының қауіпсіздігін, автокөлік құралдарын нақты және сапалы тексеру арқылы автомобиль жолдары желісінің сақталуын қамтамасыз етуге, жолаушыларды заңсыз жерлерден жөнелтуді анықтауға, сондай-ақ, көлік заңнамасы талаптарының бұзылуы жайлы түскен өтініштерге байланысты жедел түрде шара қолдануға бағытталған.
Сонымен қатар, жылжымалы көліктік бақылау бекеттері шетелдік тасымалдаушылар тарапынан тіркелетін көліктік заңнамаларды, соның ішінде рұқсат беру жүйесінің талаптарын бұзу фактілерін анықтауға және болдырмауға мүмкіндік береді.
Мәселен, шетелдік тасымалдаушылар Қазақстан Республикасы аумағына, сондай-ақ, үшінші елден/елге арнайы рұқсат құжаттарынсыз тасымалдарды жүзеге асыруға әрекеттер жасап, сол арқылы отандық тасымалдаушылардың мүддесіне нұқсан келтіруде.
Ағымдағы жылдың басынан бері шетелдік тасымалдаушылар (Өзбекістан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Түркия және Украина) тарапынан 1500-ден астам бұзушылық тіркелген.
Көліктік бақылау органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Көлік және коммуникация министрлігі ағымдағы жылы «Соболь» автомобиль маркасы базасында жабдықталған 8 мобильдік кешен сатып алды. Бұл автомобильдер навигация жүйесімен, ішкі және сыртқы бейнебақылаумен, арнайы бағдарламалық қамтамасыздандырумен, электрондық таразымен, түтін өлшегішпен, газанализатормен және басқа да бақылау-өлшеу аспаптарымен жабдықталған.
Жалпы, осы автомобильдерді сатып алуға республикалық бюджеттен 120 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Жылжымалы көліктік бақылау бекеттері негізгі көлік дәліздерінде шоғырланып, көліктік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.