Көлік және коммуникация министрлігі әлеуметтік маңызы бар облысаралық жолаушы темір жол бағдарлары тізімін толықтыруды жоспарлауда
Министрлік Қазақстан Республикасы Үкіметіне тиісті қаулының жобасын енгізді. Бұл жайында ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметтерінде хабарланған.
Бұған дейін «Астана - Достық» маршруты бойынша темір жолмен жолаушы тасымалы жүргізілмеген болатын. Жаңа бағдар әлеуметтік маңызы бар бұл бағыт жұртшылықтың жолаушы тасымалына сұранысы болуына байланысты ашылды.
Мұның сыртында министрлік басқа да ынталы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әлеуметтік маңызы бар облысаралық қатынастар тізімін «Астана - Орал» және «Павлодар - Қарағанды» бағдарларымен толықтыруды қарастыруда. Осының нәтижесінде 2013 жылы «Астана - Ақтөбе» аралығына қатынайтын № 57/58 пойыздың жүру маршруты Орал стансасына дейін, ал «Павлодар - Астана» аралығына қатынайтын № 673/674 пойыздың жүру маршруты Қарағанды стансасына дейін ұзартуға мүмкіндік ашылады.
Әлеуметтік маңызы бар қатынастарға тасымалдаушы үшін коммерциялық жағынан пайда түсірмейтін, бірақ та жұртшылық арасында сұранысқа ие маршруттар жататынын атап өтуге болады. Әлеуметтік маңызы бар бағдарлар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.