Көлік және коммуникация министрлігі: Алматы-Қапшағай автомобиль жолын жаңарту жобасы бойынша үміткерлер анықталды
АНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде концессиялық жобалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Премьер-министрдің орынбасары Серік Ахметовтың төрағалығымен Алматы-Қапшағай автомобиль жолын жаңарту концессиялық жобасын іске асыруға үміттенген компаниялардың конкурстық өтінімдерін ашу рәсімі өтті. Үміткерлер қатарында Венгрияның «Евройл» компаниясы мен көпір мен жол құрылысы жөніндегі қытай корпорациясы болды,
деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған жоба Мемлекет Басшысының 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асырылады.
Ұзақтығы 104 шақырымдық жол учаскесін жаңарту құны 64,4 млрд.теңге немесе 429 млн. АҚШ доллар құрайды.
Қазіргі кезде қозғалыс өткізілімі күніне 15 700 автокөліктен астам болса, жаңарту жұмыстары біткен соң, жылына 6-8 пайызға өсіп, күніне 53 мың автокөліктің өтуі жоспарлануда.
Жобаны концессияға беру мерзімі 30 жыл, құрылыс жұмыстары 2010-2012 жүзеге асырылуы тиіс.
«ҚазЖолҒЗИ» АҚ әзірлеген техника-экономикалық негіздеме бойынша аталған жолды жаңарту Қапшағай су қоймасының демалыс аймағы мен Алматы маңындағы аудандардың экономикалық дамуына ауқымды әсерін тигізбек.