Көлік және коммуникация министрлігі: Астана қаласының темір жол стансысы жұмысындағы ақаулардың ұлғаюы тиімді шараларды қабылдауды талап етеді
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін елордада сыбайлас жемқорлық сипаттағы заңбұзушылықтардың болуына септігін тигізетін жағдайлар мен алғышарттардың алдын алу жұмыстарын күшейту жөніндегі Мемлекеттік бағдарлама шараларын жүзеге асыруға арналған дөңгелек үстел өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуға Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марат Мәдиев, Көліктік бақылау комитетінің басқарма бастығы Берік Ізтілеев, «Сарыарқа» көліктік бақылау аймақаралық инспекциясының бастығы, «Нұр Отан» ХДП орталық тексеру комиссиясының мүшесі Болат Жұмабеков қатысты. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тарапынан Ақмола жол бөлімшесі директорының орынбасары Қайрат Сүлейменов, Астана стансысының директоры Шыңғыс Төлеушин, сонымен қатар елорда темір жол торабы мекемесінің өзге де басшылары шақырылды.
Алдымен ағымдағы жылдың 8 айы ішінде Астана стансысы бойынша темір жол мекемелерінің жұмыс қорытындылары талқыланды. Есептік мерзімде жіберілген ақаулар 3 оқиғаға ұлғайғандығы айтылды. Осы уақыт аралығында «Сарыарқа» инспекциясы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көліктік заңнамаларды сақтау бойынша темір жол көліктерінде шаруашылық субъектілер қызметіне 37 тексеріс жүргізді. Қорытындысы бойынша 775 тәртіп бұзушылықтар анықталып, 37 акт жасалды және 32 жазба ескертпелер берілді.
Жолаушылар пойызын тексеру барысында техникалық пайдалану ережелерінің 250 бұзушылығы анықталып, 48 жазба ескертпе берілді.
Барлық есептік мерзім ішінде темір жолдарды пайдалану ережелерін бұзу фактісі бойынша 56 әкімшілік іс қаралған. Өндірілген айыппұл сомасы 310 мың теңгені құрады, бұл өткен жылғы осы мерзім көрсеткіштерінен (145,9 мың теңге) 2 есеге көп.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және қызметтік заңбұзушылықтардың алдын алу, сонымен қатар инспекция қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру мақсатында тиісті шаралар жоспары жасалды. Жүзеге асырылатын тексерістердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Нұр Отан» ХДП және темір жол мекемелерінің өкілдері қатыстырылуда.