19:20, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Көлік және коммуникация министрлігі: Астана ? Щучинск автобанын аяқтау және пайдалануға беру жыл аяғына қарай жоспарлануда
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Астана-Щучинск автомобиль жолының салыну барысымен танысты.
деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл жобаны жүзеге асыру мерзімі 2006-2009 жылдарға белгіленген болатын. Учаскенің жалпы ұзақтығы 224 шақырым, оның 215 шақырымы - алты жолақпен, 9 шақырымы төрт жолақпен жүріп өтуге арналған. Бүгінде негізгі жұмыстар аяқталып, барлық 6 жолақ бойынша қозғалыс ашылған. Жобаны жүзеге асыра бастағаннан бері көзделген 115 млрд. теңгенің 88,5 млрд. теңгесі игерілді. Ағымдағы жылда республикалық бюджеттен 25 млрд. тенге бөлінді. Жобаны жүзеге асырумен 5 мердігерлік ұйым шұғылдануда. Қайта жаңарту жұмыстарына 1,3 мың жол-құрылыс техникасы, 5 бетон және 11асфальт-бетон зауыты, 20 уатқыш-сұрыптағыш құрылғы және 3,5 мың адам тартылған.Бүгінде мердігерлік ұйымдар шағылтасты-мастикалық асфальтобетонмен жолдың жоғары қабатын жайғастыру, доңғалақты тойтару білеулерін орнату, көлік айырымдарын, көпірлерді және жол өткелдерін салу жұмыстарын жүргізуде. Кейбір жол учаскелерінде жол белгілері мен жарық орнату жұмыстары атқарылуда. Қайта жаңарту жұмыстардың толық аяқталып, жобаның пайдаланылуға берілуі ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланып отыр.
Әбілғазы Құсайынов жұмыс барысымен танысып, кейбір мердігерлік ұйымдардың еңбек қарқыны төмен екендігін атап өтті. «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС және «Қазақ жолқұрылыс» ЖШС-нің басшыларына жолды дер кезінде тапсыру үшін тиісті шаралар қолдануды тапсырды.
Министр жобаның жүзеге асырылуы барысына қанағаттанғандығын білдіре отырып, Автомобиль жолдары комитетіне жұмыстардың орындалу мерзімін қатаң қадағалап отыру қажеттігін баса айтты.