Көлік және коммуникация министрлігі: Атырауда шағын өлшемді флоттың кеме жүргізушілері үшін аттестациялау сыныбы жұмыс істеуде
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Көлік және коммуникация министрлігінің ұстанып отырған басты мақсаттарының бірі Елбасының «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауында айтылған өзекті мәселеге, яғни әлемдік экономикалық дағдарыстан Қазақстан халқын алып шығуға, жұртшылықтың әл-ауқатын көтеруге арналған іс-шараларға баса назар аудару болып табылады.
Соның бірі ? дағдарыстың кесірінен жұмыссыз қалған мамандарды қайта даярлап, өзге салаға тарту, оларды жұмыспен қамту. Мысалы, Атырау облысында балық шаруашылығымен шұғылданатын «Атыраубалық» акционерлік қоғамы мен өзге де мекемелерде 500-600 адамды еңбекпен қамтуға толық мүмкіндік бар.Осы мақсатта, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасы аясында Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұловтың тапсырмасы бойынша шағын өлшемді кемелерді басқару құқығын алуға емтихан тапсыру кезінде Көліктік бақылау инспекциясының мамандары мен кеме иелерінің тікелей қарым-қатынасын азайту, яғни тамыр-таныстық пен жең ұшымен жалғасу мүмкіндіктерін болдырмау үшін Көліктік бақылау комитеті, соның ішінде Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясында алғаш рет компьютерлік тестілеу бағдарламасы енгізіліп, емтихан өткізуге арналған сынып ашылды. Бұл бастама Қазақстан көлеміндегі өзге де облыстардағы көліктік бақылау инспекцияларында да жалғасын табатын болады.