Көлік және коммуникация министрлігі: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыру барысы басты назарда
СТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов өзінің Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында әкімдікте өткен үйлестіру орталығының кеңесіне қатысты. Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.
Кеңес барысында облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трансқұрлықтық дәлізін қайта құру жобасын іске асыру барысы талқыланды. Оның ішінде, жер телімдерін кесіп беру мәселелері, дайындық және құрылыс жұмыстарын жүргізу мерзімдері, қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мақсатында жергілікті өндірушілермен қарым-қатынас жасау мәселелері көтерілді.
Баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, сонымен қатар Ақтөбе қаласында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен қарқынды индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мәселелері бойынша кеңес өткен. Бұл жиында Ақтөбе облысы аумағында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын іске асыру барысы жөнінде Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков баяндама жасаған.
«Айта кететін жайт, жобаға кіретін учаскелерді қалпына келтіру жұмыстары бұл облыста 2003 жылдан бері жүргізілуде. 2005 жылға дейін ұзақтығы 273 шақырым Ақтөбе - Қарабұтақ учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, ал 2007 жылдан бері ұзақтығы 215 шақырым Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда облысымен шекаралас учаскесінде жалғасты. Қазіргі таңда «Иврус» ЖШС мен «Дена Рахсаз» ЖШС мердігерлік компаниялары жолдың 80 шақырымын жөндеді. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін 116 шақырым учаске бойынша қозғалыс ашылып, келесі 2011 жылы жолды толықтай пайдалануға беру жоспарлануда», делінген баспасөз хабарламасында.