Көлік және коммуникация министрлігі: маусымдық «Скутер» шарасы басталды
Бұл ақпаратты ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
«ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті шағын өлшемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды ерекше назарға алып отыр. Осыған орай көліктік бақылау органдары жыл сайын маусымның 1-інен тамыздың 31-іне дейін «Скутер» акциясын өткізуде. Іс-шараның мақсаты шағын өлшемді флотты: жоғары жылдамдықты, серуендеуге арналған, спорттық және өзге де шағын өлшемді кемелерді адамдар демалатын көпшілік орындарда қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асыру болып табылады», делінген баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның таратқан ақпаратына сәйкес, жыл сайын шағын өлшемді кеменің саны орта есеппен 6 пайызға ұлғаюда. Бүгінгі күні олардың саны 25793 бірлікке жеткен. Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2009 жылы шағын өлшемді кемелермен 7 көлік оқиғасы тіркелсе, оның нәтижесінде 5 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алған.
Көліктік бақылау органдарының негізгі бағыттарының бірі кеме иелерімен және шағын өлшемді флотқа арналған база-тұрақтардың иелерімен сақтандыру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Шағын өлшемді кемелердің техникалық қауіпсіздігі, көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында база-тұрақтарды және қайықтарды жалға беру бекеттерінде тексеру жүргізу басты орында тұр.
2009 жылдың қорытындысы бойынша «Скутер» акциясының барысында шағын өлшемді кемелерді пайдалану ережесіне сәйкес 297 бұзушылық анықталып, 250 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ереже бұзушылық жойылғанға дейін 109 кемені пайдалануға тыйым салынды, республикалық бюджетке 933 683 теңге сомасында айыппұл өндірілген.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті мыналарды хабарлайды: қайықтарды жалға беру бекетінің иесі жалға беру бекетін тіркеу кезінде оны техникалық куәландыруға ұсынуы қажет; су айлағының шекарасы дамбамен, понтонмен, бактармен және жүзбелі құралдармен қоршалуы тиіс; жалға беру бекеттерінде кемелерді азаматтарға беру журналында кемені пайдаланудың қауіпсіздік шараларымен танысу жөніндегі бағанда кемені алған азаматтың қолы қойылуы қажет; кемені суға жіберуден бұрын қауіпсіздік шаралары бойынша міндетті нұсқама жүргізіледі. Құтқару құралдары жоқ болған жағдайда азаматтар оларды талап етулері керек.
Көлік саласындағы ҚР-ның қолданыстағы заңнамасының талаптары бойынша заң бұзушылықтар анықталған жағдайда заңды және жеке тұлғаларға белгіленген тәртіппен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.