Көлік және коммуникация министрлігі: наурыздың 21-і күні Қызылағаш - Жансүгіров учаскесіндегі жол ашылды
АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат - Наурыздың 22-дегі жағдай бойынша, Алматы облысында су тасқынынан бұзылған 27 автокөлік жолдарының 23 учаскесі қалпына келтірілді. Қалған 4 учаскедегі қатынас айналма жолдар арқылы қамтамасыз етілуде,
деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Айналма жол және Қызылағаш өзені арқылы өтетін уақытша көпірдің салынуына байланысты кеше, наурыздың 21-інде Алматы - Өскемен автомобиль жолының Қызылағаш - Жансүгіров учаскесі бойынша қозғалыс ашылды.
Сонымен қатар, Үшарал - Достық автожолының 81-83-ші шақырымдары бойынша айналма жол бойынша қатынас қамтамасыз етілді. Аталған учаскедегі жолды батпақтан тазалау жұмыстары жүргізілуде.