Көлік және коммуникация министрлігі: «Скутер» акциясы оң нәтиже берді

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатда Көліктік бақылау комитетінің су көлігіндегі бақылау мәселелері қарастырылып, осы саладағы жасалған 8 айдағы жұмыс қорытындылары сараланды.

Көлік және коммуникация министрлігі: «Скутер» акциясы оң нәтиже берді

Сондай-ақ  «Скутер» жедел алдын алу акциясының нәтижелері де талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Журналистер тарапынан қойылған сауалдарға ҚР ККМ Көліктік бақылау комитетінің басқарма бастығы Ерлан Жұмашев және «Жетісу» өңіраралық  көліктік бақылау инспекциясының бастығы Саймасай Әлмұхамбетов жауап қайтарды.

Қазіргі кезде Қазақстанда Каспий аумағында сауда теңізде жүзу мен ішкі су көлігі арқылы ішкі туризм қарқынды дамуда. Жыл сайын теңіздік және шағын  кемелер саны 6 пайызға өсіп отырады. Бүгінгі күні олардың саны - 26201, өткен жылмен салыстырғанда 1473 кеме қосылған.

2009 жылғы флоттағы апаттылықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес көліктік бақылау комитетінің құрылымдық бөлімшелері су көлігіндегі бақылауды іске асыруда.

Басты бағыттардың бірі - кеме иелері мен шағын флот тұрақтарының иелерімен алдын алу жұмысын жүргізу. Кеме жүзетін су жолдарының жай-күйі мен шағын және орта бизнес санатына жатпайтын субъектілерді  тексеруін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Олар - Республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорны (РМКСЖК), «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны («АХТСП» РМК), «Қазтеңізкөлікфлоты» АҚ.

Заңнаманы бұзуды алдын алу үшін су жолдарының ашылуынан бұрын көліктік бақылау инспекциялары жергілікті атқарушы органдар, кеме иелері және шағын кемелер мен демалыс орындар иелері қатысуымен кеңестер өткізді.

Шағын флот, оның ішінде жоғары жылдамдықты кемелердің  адамдардың жаппай демалу орындарында қауіпсіз пайдалануын қадағалауға арналған «Скутер» республикалық акциясының маңызы зор.

Акция шеңберінде жергілікті мемлекеттік және атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі рейдтік тексерулер жүргізілді. Серуендік, спорттық және шағын кемелерді қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше көңіл аудару мақсатымен кейбір рейдтерге БАҚ өкілдері қатысты.

«Скутер» шарасының қорытындысы бойынша Шағын кемелерді пайдалану ережелерін бұзудың 297 фактісі анықталып, оларды жойғанға дейін 109кемені пайдалануға тыйым салынды. 

Кеме жүзетін су жолдары мен навигациялық құрал жабдықтар жағдайларына  бақылау жүргізу мақсатында 7966 км су жолдары қаралды, олардың нәтижесі бойынша РМКСЖК атына 17 жазба ескертпелері берілді. 

Ағымдағы жылдың 8 ай ішінде су көлігіне бақылау саласында Көліктік бақылау комитетінің қызмет қорытындысы бойынша жалпы айқындалған жөнсіздіктерді жою үшін 133 жазба ескертпелер берілген, 409 әкімшілік жөнсіздіктер айқындалған, бюджетке 1 444 734 теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Бұдан әрі судағы көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында Көліктік бақылау комитеті демалыс орындары, шағын кемелердің базалық тұрақтарының иелерімен жүзу маусымы ашылмас бұрын шағын кемелерді қауіпсіз пайдалану мәселесі бойынша шараларды күшейтуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, шағын кемелерді қауіпсіз пайдалану, өзге де мемлекеттік органдармен бірге су көлігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын өткізу  туралы кеме иелеріне бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру ерекше бақылауға алынады.