Көлік және коммуникация министрлігі: «Тахограф» республикалық акциясы қорытындыланды
АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау комитеті «Тахограф» республикалық акциясын өткізді.
Аталған акция автожолдарда жол-көлік оқиғалары санын азайтуға, қол жүгін және басқа жүктерді қауіпсіз тасымалдауға, сонымен қатар автокөлік құралдарын жүргізушілер тарапынан еңбек және демалыс режімін бұзуды анықтау мен алдын алу үшін шаралар қолдануға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция барысында, ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңының 9 бабына сәйкес, қауіпті жүк тасымалына тартылған, халықаралық, қалааралық және облысаралық жолаушылар, қол жүгін және басқадай жүк тасымалдайтын автокөлік құралдары тексерілді. Тасымалдаушылар мен автокөлік құралдарына жүргізушілердің еңбегі мен демалыс режімін тіркейтін бақылау құрылғыларымен (тахографтармен) жабдықталуы жөніндегі талаптардың орындалу барысы, сонымен қатар диаграммалық дискілерді іске қосуы бақылауға алынды.
Көліктік бақылау органдары өткізген акция уақытында 28 мыңнан астам автокөлік құралдары тексеріліп, олардың 892-де белгіленген тәртіпті бұзушылық анықталды. Олардан 6 млн. 642 мың теңге айыппұл өндірілді.